Басты бет Жаңалықтар Шерзат Болат ісі бойынша сот үкімі: Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды

Шерзат Болат ісі бойынша сот үкімі: Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды

Видео скрині
Бүгін Талдықорған сотында судья Ержан Жанұзақов 16 жасында кісі қолынан қаза болған Шерзат Болаттың өліміне қатысты тоғыз күдіктіге үкім оқыды.

Олар жеті жылдан 23 жылға дейінгі аралықта сотталды.

  • Қылмыстық істің басты фигуранты  Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Равиль Сәкиев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға сотталды.
  • Азамат Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), қосымша 188-бап (ұрлық) бойынша бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрқиас Ілиясов – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), бұрынғы соттылығына байланысты 9 жылға сотталды.
  • Шыңғыс Белғожаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша жеті жылға сотталды.
  • Дархан Әскентай – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрбол Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша жеті жылға сотталды.
  • Дидар Қалиахмет – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Дидар Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша бір жыл алты айға сотталды.

Сотталғандар қаза болған жасөспірімнің отбасына 120 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Абзал Шынасылдан 60 миллион теңге, Равиль Сәкиевтен 30 миллион теңге өндіріп алынады. Сонымен қатар қалған сотталғандар мен Равиль Сакиев бірлесіп марқұм баланың туыстарына тағы 30 миллион теңге төлеуге тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.

Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.

9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған. 

2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.

Exit mobile version