Air India AI171 ұшағының екі қара жәшігі де табылды. Бұл туралы The Economic Times басылымы хабарлап отыр.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің бас хатшысы Прамод Кумар Мишра борттағы өздігінен жазу құрылғысы табылғанын айтты.
The Ecomomic Times газетінің мәліметінше, оларды оқуға төрт-бес күн уақыт кетуі мүмкін. Алғашқы қара жәшік жұма күні Ахмедабадта Air India АИ-171 рейсі құлаған жердегі ғимараттың төбесінен табылған.
Үндістанның әуе апаттарын тергеу бюросына қайғылы оқиғаның себептерін анықтауға көмектесу үшін бірнеше халықаралық сарапшылар тобы Ахмедабадқа келді.
Есепті үш ай ішінде жариялау жоспарланып отыр, — делінген жазбада.
Борттағы өздігінен жазу құрылғысы тергеушілерге кабинада және әуе кемесінің жүйелерінде болған оқыс оқиғаның ең объективті есебін ұсынып, апаттың себебін анықтауға көмектеседі. Ахмедабадтан Лондонға AI 171 рейсін орындаған әуе лайнері 12 маусымда әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшырады.
Ресми ақпарат бойынша, кем дегенде 270 адам қаза болды, бірақ құрбандардың нақты саны әлі анықталған жоқ. Ахмедабад полициясының хабарлауынша, мәйіттердің қатты күйіп кетуіне байланысты олардың кім екенін анықтау қиындық тудырып жатыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тек бір адам – 40 жастағы Ұлыбритания азаматы аман қалды. Вишвашкумар Рамеш 11А орнында отырған, ол жарақат алса да, қирандылардың арасынан шығып үлгерді. Рамештің бортта болған інісі қаза болды.