Атом энергиясы жөніндегі агенттік алғашқы атом электр станциясын салуға арналған консорциум көшбасшысын анықтады. Ең оңтайлы әрі тиімді ұсынысты ресейлік «Росатом» компаниясы жасады делінген хабарламада. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
АЭС салатын технологияларды жеткізе алады деген тізімде мына компаниялар бар еді: «Росатом» (Ресей), China National Nuclear Corporation (Қытай), Électricité de France (Франция) және Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея).
Тізімге енген компаниялар Қазақстанда АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынған.
Нәтижесінде АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныс ресейлік «Росатом» компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынға қытайлық China National Nuclear Corporation жайғасса, француздық Électricité de France пен кореялық Korea Hydro & Nuclear Power ұсыныстары үшінші орында тұр.
Осылай, «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болды.
Қазір «Росатом» ұсынған ұсыныс негізінде Ресей Федерациясы тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржы тарту мәселесі пысықталып жатыр.
Бұған дейін еліміздегі алғашқы атом электр станциясы Алматы облысындағы Жамбыл ауданында салынатынын жазған едік. Одан кейін президент елде үш АЭС салу керек екенін айтты.