Павлодарда 32 жастағы мопед жүргізушісінен есірткі тәркіленді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Павлодар қаласындағы Мүткенов көшесінде «Қарасора» іс-шарасын жүргізу барысында полиция қызметкерлері 32 жастағы ер адамды ұстады.
Жеке тексеру кезінде оның үстінен екі полиэтилен орамға оралған тыйым салынған заттар табылды. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде қосымша алты орама мен бір пакет, сонымен қатар «зип» пакеттер, электрон таразы және орауға арналған құрылғы тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша, алынған заттардың салмағы сегіз грамнан асатын синтетикалық есірткі болып шықты. Ұсталған азамат интернет-дүкенде есірткі тасымалдаушы ретінде жұмыс істегенін мойындады.
Ол есірткі заттарын жасырып кету арқылы таратуды жоспарлаған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК бойынша есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Күдікті қамауға алынды, қылмысқа қатысы бар басқа тұлғалар анықталып жатыр.