БҚО-да заманауи 60 орындық мектеп салынады. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді.
Оның ашылу салтанатына өңір басшысы Нариман Төреғалиев қатысты.
Көнеккеткен ауылында бой көтерген медициналық нысанның жалпы аумағы 260 шаршы метрден асады. Мекеме заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда күніне 40 адам қабылдана алады. Бұрын кейбір медициналық қызметтер үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болған халық енді сапалы медициналық көмекті өз ауылында ала алады. Бұл — ауылдағы денсаулық сақтау жүйесінің дамуына үлкен серпін беретін маңызды қадам. Жалпы 2023-2025 жылдары облыста 50 жаңа медициналық нысан салу көзделген болса, соның 39-ы бүгінде іске қосылды. Қалған нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталуына орай қолданысқа беріледі, — делінген хабарламада.
Мұның сыртында Көнеккеткен ауылында 100 орындық мәдениет үйі мен тұрғын үйлер салынып жатыр. Облыс әкімі мердігер мекемеге мәдениет ошағын ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне аяқтауды міндеттеді. Қос пәтерлік екі тұрғын үйдің қабырғасын қалау, шатырын жабу жұмысы аяқталып, сыртын қаптау, ішкі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Аудан әкімі Мұрат Сердалин үйлердің құрылысы маусым-шілде айларында аяқталып, кезекте тұрған әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға берілетінін жеткізді.
Сонымен қатар өңір басшысы жұмыс сапары кезінде Үштөбе ауылына барып, заманауи 60 орындық модульдік мектеп салынатынын халық алдында мәлімдеді.
Бұл бастама болашақ ұрпағымыздың сапалы білім алуына жасалған үлкен қадам. Бұл – тек білім беру жүйесінің емес, бүкіл ауылдың дамуына серпін беретін игі бастама. Балаларымызға жайлы әрі сапалы білім ордасын сыйлау – бәріміздің ортақ мақсатымыз, — деді Нариман Төреғалиұлы.
Айта кетейік, жаңа мектеп құрылысын маусым-шілде айында бастап, келесі жылдың бірінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Н.Төреғалиев ауданның басқа да салаларында атқарылып жатырған шаруалармен танысып, нақты тапсырмалар берді.