Алматыда жантүршігерлік жол апатынан үш адам зардап шекті. Бұл туралы Алматы құтқару қызметі хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жеңіл көлік пен автокран соқтығысқан.
Кеше сағат 21:41-де 103 пультіне Саялы ықшамауданы Момышұлы көшесі, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының бойындағы көлік апаты туралы ақпарат түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатынан үш адам зардап шекті, олардың біреуі көлікте қысылып қалған. Сағат 22:10-да оқиға орнына 109 құтқару қызметінің құтқарушылары жетті. Олардың жедел және келісілген әрекеттерінің арқасында 22:18-де зардап шеккен адамдар техниканы қолданбай шығарылды. Құтқару жұмыстары жылдам аяқталды, — делінген хабарламада.
Түрлі дене жарақатын алған үш адам жедел жәрдем бригадаларына тапсырылды. Олардың біреуі №7 қалалық клиникалық ауруханаға, екіншісі облыстық клиникалық ауруханаға, үшіншісі екінші балалар ауруханасына жеткізілді.