Басты бетЖаңалықтарАлматыда күзге дейін екі көше ішінара жабылады

Алматыда күзге дейін екі көше ішінара жабылады

Қожанов және Жароков көшелерінде 1 қыркүйекке дейін көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» кәсіпорны хабарлап отыр.

Кәсіпорнның мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Бостандық ауданында 1984 жылы пайдалануға берілген шамамен 2,7 шақырым жылу магистралін ауыстыру көзделіп отыр. Осыған байланысты қаланың екі көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.

10 маусымнан бастап 1 қыркүйекке дейін көлік қозғалысы Қожанов көшесінің бойымен Гагарин көшесінен бастап Жароков көшесіне дейін, сонымен қатар Жароков көшесінің бойымен Қожанов көшесінен бастап Дунаевская көшесіне дейін оңтүстік бағытта көлік қозғалысы шектеледі. Солтүстік бағытта көлік қозғалысы екі бағытта ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.

Аталған жылу құбыры 97 көпқабатты тұрғын үйді, 12 жеке тұрғын үйді, төрт балабақшаны, екі медициналық мекемені және 27 өзге де нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.

Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріледі. Осы жылы қала бойынша 39 км жылу трассасын жаңғырту көзделген. Бұл тозу деңгейін 54%-ке төмендетеді.