Қазақстанда мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты мен көп нұсқалы үлгілік мәзір бекітілді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр.
Мектеп асханаларында 1 қыркүйектен бастап қолданылатын мәзірде целиакия, қант диабеті және аллергиясы бар балалардың диеталық ерекшеліктері ескерілген.
Тамақтанудың жаңа стандартына сәйкес рационнан қант, тұз және май мөлшері едәуір азаяды, құрамында табиғи емес өнімдер, тұз бен қанты көп өнімдер алынып тасталады. Керісінше оның орнына жаңа піскен көкөністің, жеміс-жидек пен табиғи өнімдердің үлесі артады.
Ал ас блогы жоқ шағын жинақталған мектептерде ыстық бутербродтан, ашытылған сүт өнімінен (йогурт), маусымдық жемістер мен сусыннан (сүт, айран, итмұрын сусыны, кептірілген жеміс-жидек) тұратын ланч-пакеттер дайындалады.
Мәзір балалардың физиологиялық қажеттіктері мен калориясын ескере отырып жасалған. Онда жас санаттары, маусымдық, сонымен қатар ас блогы жоқ мектептердегі балалардың тамақтануы ескерілген. Стандарт сонымен бірге шағын жинақталған мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және қант диабеті, тамақ аллергиясы, целиакия ауруы, лактоза жеткіліксіздігі және басқа да аурулар сияқты ерекше диеталық қажеттіктері бар балаларды тамақтандыруға қойылатын талаптарды қамтиды, — деді ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қожапова.
Министрліктің мәліметінше, қазір мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерлері, тамақтану қызметін жеткізушілер мен бракераждық комиссия мүшелері онлайн оқудан өтіп жатыр. Кейін мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметкерлерін оқыту жоспарланған.