Ақмола облысында су тасқынына қарсы шараларға бөлінген қаражатты ұрлағандар сотталды. Бұл туралы облыс прокуратурасы хабарлап отыр.
300 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Атбасар ауданының әкімдігіне қарасты құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» серіктестіктерінің басшыларына қатысты сот үкімі шықты.
Еске салайық, бұл қаражат 2021 жылы үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үй салуға бөлінген болатын. Іс Ақмола облысының арнайы прокурорларымен тергелді.
Сот үкімімен жымқыруға қатысқан тұлғалар аса ірі көлемде жымқыру және қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сегіз жыл алты айға және жеті жыл алты айға бас бостандықтарынан айырылды. Мүліктері тәркіленді, — делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.