Атырау облысының Құлсары қаласында тасқын судан бүлінген көпір қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Бұл туралы Жылыой ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұл көпір Құлсары қаласындағы «Достық» шағын ауданында орналасқан. Қайта жаңғыртылған көпірдің ұзындығы — 238, ал, ені — 17,1 метр.
Былтырғы тасқын судың салдарынан бүлінген көпірді жаңғырту жобасына Жылыой аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырыс берген. Құрылыс жұмыстарын SK Kazalem ЖШС атқарған.
Құлсары қаласының әкімі Қадіржан Адиновтің айтуынша, былтыр көктемде аталған көпірден көлік пен тұрғындардың жүруіне тыйым салған.
Бұл көпір — тек құрылыс нысаны ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен көлік қатынасының кепілі. Бұдан былай моноқаладағы көлік қозғалысын реттеуге қолайлы жағдай жасалады, — дейді Қадіржан Адинов.