Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария президенті Румен Радевті қарсы алды. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Румен Радев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Румен Радев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң мейман мен президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.