Басты бетЖаңалықтарБиыл егіс науқаны алғаш рет мерзімінде аяқталды

Биыл егіс науқаны алғаш рет мерзімінде аяқталды

Елімізде қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау нәтижесінде 2025 жылы егіс науқаны алғаш рет мерзімінде аяқталды.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Үкімет мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шаруаларды қаржыландыру тетігін қайта қарады. Осы жылдан бастап фермерлерге жеңілдетілген несиелер бұрынғыдай науқан басталған кезде наурыз айында емес, алдын ала 2024 жылғы желтоқсаннан бастап қолжетімді болды. Бұл шешім қажет ресурстарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік беру мақсатында қабылданды.

Мемлекеттік қолдау шараларының, диқандар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында егіс жұмыстары агротехникалық талаптарға сай әрі уақтылы жүргізіліп, науқан алғаш рет белгіленген мерзімінде аяқталды. Мұндай тәсіл негізгі дала жұмыстарын мерзімінен бұрын орындауға, стратегиялық маңызды дақылдардың егіс көлемін арттыруға және материалдық-техникалық базаны тиімді жаңартуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде мол өнім алуға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қаланды.

2025 жылғы егіс науқаны елімізде егіншілікке деген жаңа көзқарас жағдайында өтті. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға және монодақылдарға тәуелділікті азайтуға басымдық берілуі. 6 маусымдағы жағдай бойынша жоспарланған көлемнің 100%-і – 23,7 миллион гектар алқап егілді.

Егіс алқаптарын неғұрлым тиімді әрі тұрақты дақылдарға қайта бөлуге ерекше назар аударылды. Бұл ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеуге ғана емес, сонымен қатар ғылыми негізделген ауыспалы егіс талаптарын сақтай отырып, нарықтық үрдістерді ескеруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде сұранысқа ие дақылдардың көлемі артты:

  • майлы дақылдар – 3,4 миллион гектар (былтырғыдан 0,5 миллион гектарға артық),
  • мал азығы дақылдары – 3,3 миллион гектар (+114 мың гектар),
  • дәндік жүгері – 167,5 мың гектар,
  • көкөніс-бақша дақылдары – 222,3 мың гектар.