Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімі аула мен көше жарығын жаңғырту қарқынын арттыруды тапсырды

Алматы әкімі аула мен көше жарығын жаңғырту қарқынын арттыруды тапсырды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Көктөбедегі шолу алаңына барып, қаланың сыртқы жарық беру жүйесін жаңғырту арқылы түнгі көріністің қалай өзгеріп жатқанын көрді.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Шаһар басшысына «Алматы Қала Жарық» МКК директоры Игорь Мысик атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар туралы баяндады.

«Алматы Қала Жарық» МКК мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында Алматыда 13 мыңнан астам шам ауыстырылып, 120 шақырым жарық желісі қалпына келтірілген. 520 сыртқы жарықтандыру басқару шкафы (ШУНО) жаңартылып, бұрын жарық болмаған 21 аумақта жаңа желілер салынған. Бұл жұмыстар қаланың орталығынан шеткі ауданға дейінгі жерлерді қамтиды.

Жыл соңына дейін жоспар бойынша 1 200 жаңа жарық желісі салынып, қараңғы аумақтарға 22 мыңнан астам шам орнатылады. Бұл учаскелер тұрғындардың өтініші мен мамандар жүргізген тексеріс барысында анықталған. Сонымен қатар жарық сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасып отыр. Атап айтқанда, 70 шақырым жарық желісі жаңартылып, 1 100 басқару шкафы ауыстырылып, 70 нысанға сәулеттік жарық орнатылады. Магистральды көшелерге 5 000-нан астам энергия үнемдейтін шам қойылады. Бұл жұмыстың нәтижесінде биыл жыл соңына дейін Алматыда жарықтандыру деңгейі 100%-ке жетуге тиіс, — делінген хабарламада.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, жарықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Әсіресе, адамдар кешке балаларымен серуендейтін немесе үйіне қайтатын тұрғын үйлер маңындағы аумақ, тротуар мен саябақ жарық әрі қауіпсіз болуы қажет.

Алматы әкімі мектеп, емхана, мәдени нысан мен қоғамдық көлік аялдамасына баратын жолдардың жарығын мұқият пысықтап, қараңғы аумақтарға желі тарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.