Ақтөбеде көпқабатты үйде газ жарылып, бір адам қайтыс болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлап отыр.
Оқиға бүгін Абай даңғылы бойында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде болған.
4-қабатта газ-ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан өрт шыққан. Оқиға орнына дереу жеткен облыстық ТЖД құтқарушыларының анықтауынша, жарылыс салдарынан шамамен 40 шаршы метр аумақта ашық жалын тұтанған. Сонымен қатар 3 пен 4-қабат арасындағы аралық құрылымдар ішінара құлаған, — делінген хабарламада.
Өрт толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілер 73 адамды эвакуациялап, бір адам құтқарылды. Өкінішке қарай, бір адам қайтыс болды.
Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы барды. Апаттық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, үйінділер тазартылып жатыр. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.