Өткен материалда Алматыдағы муралдарда бейнеленген тұлғаларды түгендеп шыққан едік. Бұл жолы Baribar.kz фототілшісі Нұрназар Әмзе қала ғимараттары қабырғасына салынған граффитиді аралап шықты.
Бұл — режиссер Абдолла Қарсақбаевтың әйгілі «Менің атым — Қожа» фильмінің кейіпкерлері. Қожа мен Жанар. Мурал Бостандық ауданындағы Жандарбеков көшесі, 123 деген мекенжайдағы ғимарат қабырғасына салынған.

Қазір терезенің үстіне шатыр салынып, Қожаның түрі көрінбей қалған. Ал о баста шатыр жоқ еді, Қожаның да түрі анық болатын.

Бұл — суретшілер Зәкір Әли мен Ержан Таңаевтің туындысы. 3D-муралдың тақырыбы — «Салық — болашаққа салған инвестиция». Граффити салық төлеуге шақырып тұр. Болашақ символы ретінде кішкентай қыз бейнеленген. Мурал 2021 жылғы мамырда салынған.

Кішкентай қыз салған түрлі-түсті текшеден тұратын үй тұрақтылық пен болашаққа деген сенімді білдіреді дейді. Оң жақ бұрыштағы 1414 нөмірі — бірыңғай байланыс орталығының телефон нөмірі. Халық E-salyq Azamat қолданбасы арқылы салықты өзі төлей алатынын көрсеткен. Бұл мурал Мақатаев көшесі, 53 мекенжайындағы үйдің қабырғасына салынған. Салынған сәтте бояуы қанық еді, қазір өңін бере бастапты.

Бұл муралдың атауы — «Қобыз». 2019 жылғы маусымда Алматыда Mural Fest өткен еді. Фестивальді граффит-суретші Мұхит Дулу осы муралмен ашқан. Оған жас суретші Глеб Антощенко-Оленев көмектескен.

Қобыз ішінде билеп жатқан жігіт пен қыз бейнеленген. Олар әлемнің қосарлы екенін білдіреді. Қобыздың жанында күн бар, бұл — ғаламның бас жарығы, тіршілік, жылу мен жайлылық белгісі. Мурал Орталық стадион маңында, Әди Шәріпов көшесі, 120-үйдің қабырғасына салынған.

Мурал «Түркісіб» деп аталады. Бұл граффити суретші Әбілхан Қастеевтің әйгілі картинасы негізінде 2021 жылы салынған. Мурал 2021 жылы 90 жылдығын атап өткен Логистика және көлік академиясы қабырғасында тұр. Құрметті теміржолшы, Қазақстанның алғашқы транспорт министрі Нығметжан Есенғариннің 80 жасқа толғанына орай салынған.

Мурал тұжырымдамасын Нығметжан Есенғариннің немересі Жанна Есенғарина ұсынған. Ал муралды талантты суретші Батыр Сәдуақасов салған. Батыр қаладағы Димаш Құдайбергеннің де муралын салған еді.

2019 жылы The children are painting the world, яғни «Балалар әлемді бейнелеп жатыр» деген балалар мен жасөспірімдер фестивалінің 20 жылдығына орай Алматыда тағы бір мурал салынды. Бұл — ЮНЕСКО демеуші болған мерейтойға арналған «Балалар әлемді бейнелеп жатыр. Universe» деген альбомның мұқабасы.

Суретті Andrew пен Marskilla деген суретшілер Ақтөбе облысы, Бадамша ауылында тұратын, сол кезде 14 жастағы Жазира Мәлімбаеваның салғанынан көшірген. Суреттің тақырыбы — «Әртүрлі болсақ та, біргеміз». Граффити тату болуға, бір-бірімізді сүюге, толерант болуға, бір-бірімізді түсінуге шақырады. Граффити Мұқанов көшесі, 235-үйдің қабырғасында тұр.


Мурал тұжырымдамасының авторы — Кристина Бекмырзаева. Оның айтуынша, команда жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбын халыққа жақсы әсер ететін әрі жеңіл қабылдайтын форматпен салуға тырысқан. Мурал «Сайран» автовокзалы маңынан жарқырап көрініп тұр.

Бұл мурал — итальян кескіндемеші Сандро Боттичеллидің «Шолпанның тууы» деген картинасын қазіргі заманға орайластырылған түрі.

Боттичеллидің салғанынан кейін мына муралды көрген жұрт екіұдай күй кешеді. Бірі «Шолпанның тууы» деген картинаны білмеген болып шықса, енді бірі «Заманауи Шолпаны аса сұлу емес екен» деген пікір айтады.
