Қазақстанның мәдени және әдеби кеңістігінде өшпес із қалдырған жазушы, ақын, журналист, аудармашы, қоғам қайраткері Адольф Арцишевский 87 жасында дүниеден өтті.
Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ол өз шығармашылығында адамгершілік, руханият пен туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптарын терең қозғап, бірнеше буын оқырманға ой салды. Оның қаламынан туған туындылар қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп, әдеби қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды, — делінген хабарламасында.
Адольф Альфонсович Арцишевский 1938 жылғы 17 қаңтарда Прокопьевс (Кузбасс) қаласында дүниеге келген. Өмірінің басым бөлігін Алматы қаласында өткізді. Ол 1960 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін, ал 1981 жылы Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстарды тәмамдаған.
Еңбек жолын «Жазушы» баспасында редактор болып бастаған. Сонымен қатар «Простор» журналында техникалық редактор, Республикалық жас көрермендер театрында және М. Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театрында әдеби бөлімнің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар ол «Қазақфильм» студиясында түсірілген алғашқы қазақстандық телехикая — «Бұрылыстың» бас редакторы, әрі «Жаңа дәуір» журналының бас редакторы болған.
Адольф Арцишевский поэзия және прозаның 18 кітабының авторы. Ол — Қазақстан Жазушылар одағының, ПЕН-клубтың, Журналистер одағының, Театр қайраткерлері одағы мен Кинематографистер одағының мүшесі.
Сонымен қатар ол қазақ әдебиетін орыс тіліне аударуда елеулі еңбек сіңірді. Атап айтқанда, Әкім Таразидің «Аяз бен Ораз», «Династия» повестерін, Баққожа Мұқайдың «Аққу» повестер жинағын, Қалихан Ысқақовтың «Беловодье жерінің аңызы» романын, Қалихан Ысқақов пен Шахимарден Құсайыновтың «Бұйрық күшінде қалады» пьесасын және Дулат Исабековтің «Ібілістің торы (Михаил Булгаковтың өмірі)» пьесасын орыс тіліне аударған.