Кейінгі 10 жылда алғаш рет Талас өзенінің төменгі ағысындағы Қаракөл көлі толды. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, бұл судың дұрыс әрі тиімді бөлінуінің арқасында болып отыр. Демек, экологиялық мақсатта су жіберу нәтижесінде Жамбыл облысындағы Қаракөл көліне су толтырып, Сұлукөл көліне де су жеткізу мүмкін болды. Сонымен қатар Сарысу және Талас аудандарындағы табиғи жайылымдарға да су барды. Жергілікті экожүйені сақтау жұмыстары суару маусымы басталмай тұрып жүргізілді.
Бастапқыда осы мақсатқа «Ойық» гидроторабы арқылы 120 миллион текше метр су жіберу жоспарланған еді. Алайда сәуір айының ортасына қарай экологиялық мақсатта су жіберудің жалпы көлемі 315 миллион текше метрге жетті, — деп жазылған хабарламада.
Жамбыл облысындағы «Қазсушар» филиалының мамандары тексеріс жүргізіп, Талас өзені арқылы жіберілген судың Сарысу және Талас аудандарына жеткеніне көз жеткізді.
Министрліктің мәліметі бойынша, жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыс үшін жауапты ведомстволарға алғыс білдіріп жатыр.