2025 жылғы 3 маусым мен 3 шілде аралығында «Алма-Арасан» – термалды бұлақ туристік бағытын жаңарту жобасының екінші кезеңі аясында «Алма-Арасан» маңындағы автотұрақтан термалды бұлаққа дейінгі жол уақытша жабылады.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Шектеу бұлақ жағынан «Қыздың көз жасы» сарқырамасы мен «Терра» алқабына баратын жолға да қатысты болады.
Бұл шаралар келушілер үшін құрылыс-монтаж жұмыстарының қауіпсіз әрі ыңғайлы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр. Екінші кезең аясында ескі көпір құрылымдарын бұзып, жаңасына ауыстыру, жаңа соқпақтар, баспалдақ элементтері мен көріктендіру нысандары орнатылады, — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 12 мамырдан бастап алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілген болатын. Тау бөктері қауіпті тастан тазартылып, қорғаныш тор орнатуға арналған анкерлік құрылымдар қойылды, соқпақтар көріктендіруге дайындалды.
Жұмыс жүргізіліп жатқан кезде, жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері де жол толықтай жабық болады. Жөндеу жұмыстарын 2025 жылғы 31 шілдеге (ауа райына байланысты мерзім өзгеруі мүмкін) дейін аяқтау жоспарланған. Жобаның мақсаты – қазіргі заман талабына сай қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық тұрақты туристік бағыт қалыптастыру, — делінген хабарламада.