Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысында бүгін жарыссөз өтті. Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотталушыларға барынша қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Прокурор соттан:
Кәмелет жасқа толмаған Думан Ысқақов жасөспірімдерге арналған түзеу мекемесінде 1 жыл 6 ай жазасын өтеуді;
Дархан Әскентаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахметты жеті жылға бас бостандықтарынан айыруды, жазаларын орташа түзеу мекемесінде өтеуді;
Нұрқияс Ілиясты жеті жылға бас бостандықтарынан айыруды, жазасын орташа түзеу мекемесінде өтеуді, бұрынғы Талғар ауданындағы сот үкімінің өтелмеген уақытын қосып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды;
Азамат Тоқтаубаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды;
Равиль Сәкиевті 20 жылға бас бостандығынан айыруды;
Абзал Шынасылды 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сонымен қатар жәбірленушілердің моральдық шығындарын толық өтеуді талап етті. Мұнымен қоса прокурор соттан куәгер болған екі қыздың әрекетін қайта тергеу үшін материалды облыстық полиция департаментіне жолдауды сұрады.
Айта кетейік, мемлекеттік айыптаушы қанды оқиға күні болған сотталушылардың әрекетін айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.