Бүгін Үржар ауданының Үржар ауылындағы әуежайға алғаш рет SCAT әуе компаниясының CRJ-200 жолаушылар ұшағы қонды.
Бұл туралы Абай облысының әкімдігі хабарлап отыр.
Аудан тұрғындары бұған дейін «АН-24» ұшағымен қатынап келген болатын. Енді «Үржар-Алматы» және «Үржар-Астана» бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстері аптасына жеті рет, яғни күн сайын орындалады.
Бұл жергілікті тұрғындарға ғана емес, Алакөл мен өңірдің басқа да туристік нысандарына келетін қонақтар үшін өте қолайлы. Әуе қатынасы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сол себепті билет бағасы да қолжетімді, — деп жазылған хабарламада.
Канадада шығарылған CRJ-200 ұшағы 50 жолаушыға шақталған. Әуе кемесі жайлы әрі өңіраралық бағыттарға ыңғайлы.