Алматының екі ауданында 42 жыл бұрын пайдалануға берілген құбыр қайта жаңғыртылады. Бұл туралы «Алматы жылу желілері» хабарлап отыр.
31 мамырдан 20 шілдеге дейін Алмалы ауданында Бөгенбай батыр көшесінің Бруно көшесінен Аносов көшесіне дейінгі бөлігінде екі бағытта да көлік қозғалысы шектеледі. Сонымен қатар 31 мамырдан 30 маусымға дейін Түрксіб ауданында Котельников көшесінің Сейфуллин даңғылынан Ақан Сері көшесіне дейінгі бөлігінде де екі бағытта да жол жабылады, — делінген хабарламада.
Шектеулер аталған көшелерде жолдың астынан өтетін магистральдық құбырларды қайта жаңарту жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі.
Алмалы және Түрксіб ауданында биыл жалпы ұзындығы үш шақырым болатын, 1983-1985 жылдары пайдалануға берілген жылу желілері жаңартылады. Бұл 105 көпқабатты тұрғын үйді, бес жеке үйді, бір мектеп пен үш өзге де нысанды қыс мезгілінде тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар қайта жаңғырту жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріледі. Жалпы, биыл қала бойынша 39 шақырым жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Бұл желілердің тозу деңгейін 54%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.