Жамбыл облысы Байзақ ауданының прокуратурасы алимент төлемеген азаматқа қатысты қылмыстық жауапкершілік шараларын қабылдады.
2024 жылғы 2 қыркүйекте Байзақ аудандық прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеуден қасақана жалтарған «Н» азаматына қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.
Борышкердің төлеу мүмкіндігі бола тұра, ол жеті жыл бойы міндетін орындамай келген. Нәтижесінде 2018 жылдан бері алимент бойынша жиналған қарыз сомасы 12,6 миллион теңгеге жеткен.
2025 жылғы 25 сәуірде Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Н» азаматын ҚР ҚК-нің 139-бабымен кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Жамбыл облысының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр. Құзырлы орган барлық ата-анаға құқықтық міндеттемелерін орындаудың маңыздылығын ескертеді.