Алматыда Сайран көлінің маңында құрылысы аяқталмаған ғимарат бұзылады. Бұл туралы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы хабарлап отыр.
Басқарманың мәліметінше, жер телімінің ауданы — 0,6747 гектар.
«Қуат корпорациясы» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстарын 2006 жылы бастаған. 2008 жылы қаржыландырудың болмауына байланысты құрылыс жұмыстары 10 қабат деңгейінде тоқтатылған. Ғимараттың жалпы ауданы — 14 583 шаршы метр.
2022 жылғы 17 тамыздағы сатып алу-сату шартына сәйкес, жер телімінің жаңа иесі жеке тұлға.
2024 жылғы сәуір айында жаңа иесіне аяқталмаған құрылысты бұзып, қызмет көрсету нысаны бар әкімшілік ғимаратты салу және пайдалану үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілді. Жаңа ғимараттың эскиздік жобасы әлі бекітілген жоқ, — делінген хабарламада.