Басты бетҚоғамБиыл Алматының индустриал аймағында тағы 2 662 жұмыс орны ашылады

Биыл Алматының индустриал аймағында тағы 2 662 жұмыс орны ашылады

Журналистер Алматының индустриал аймағын аралап шықты. Жақында мұнда үш жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылды. Журналистер баспасөз туры барысында радиаторлар, кабельдер және косметикалық өнім шығаратын компаниялардың қызметімен танысты. Бұл өндірістерді іске қосу Алматының индустрияландыру және өндірістік әлеуетін дамыту бағдарламасын іске асырудағы тағы бір қадам болды.

«Valtherm» ЖШС алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын зауытқа салынған инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асты. Бүгінгі таңда зауытта бес құю машинасы орнатылған, күн сайын 10 000-ға дейін радиатор секциясы шығарылады. Компанияның жоспарында құю машинасын 12-ге жеткізу және өндіріс көлемін жылына 15 миллион секцияға дейін ұлғайту бар. Жоба Алматы әкімдігінің белсенді қолдауымен, оның ішінде инженерлік инфрақұрылымды қосу мәселелері бойынша іске асып жатыр.

«Қытайда 20 жылдан астам радиатор өндірумен айналысып келеміз. Қазір барлық кешенді тәжірибені Қазақстанға көшіріп, толыққанды өндірісті іске қостық. Біз сынық жинаймыз, қайта өңдейміз және дайын өнімд — радиатор шығарамыз. Қазіргі уақытта күніне 10 000 секция шығарамыз және одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз», — деді«Valtherm» ЖШС инвесторы Юэн Си.

Кәсіпорында автомобильге ұқсас анафорезді бояу технологиясы қолданылады, ол беріктік пен коррозияға қарсы қорғанысты қамтамасыз етеді. Бұл технология радиаторлардың сыртқы түрі мен қасиетін 20 жыл бойы сақтауға мүмкіндік береді.

«Ресейде, Әзербайжанда, Украинада клиенттер базасы бар. Болашақта Алматыда жиынтықтауыштар өндірісін локализациялауды жоспарлап отырмыз. Өндірістің жаңа түрлерін – газ қазандықтарын, панельдік радиаторларды, профильдерді және т.б. жасау үшін үш гектарға қосымша цех салу жоспарда бар», — деп толықтырды «Valtherm» ЖШС Бас директоры Саин Мұсаев.

2024 жылғы желтоқсанда индустриал аймақта Кабельдік-өткізгіш өнімдерін шығаруға маманданған «Harmony Cable» ЖШС кәсіпорны жұмысын бастады. Жобаға салынған инвестиция көлемі — шамамен, 2 млрд теңген. Өндірісті іске қосу нәтижесінде 50 жұмыс орны ашылды. Қуаттылық айына 100 тоннаға дейін мыс өңдеуге және жылына 8 млрд теңгеден астам сомаға 21 600 млн метрге дейін кабельдер мен сымдар шығаруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда кәсіпорын қазақстандық құрылыс компанияларымен және электр тауарларын жеткізетін бөлшек сауда орындарымен белсенді жұмыс істейді. Өнімнің негізгі көлемі ел ішінде сатылады, алайда компания Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортты жүзеге асыруды және Еуропа елдеріне жеткізілімдерді кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Балқаштан сатып алынатын қазақстандық мыстан кабель шығарамыз. Қайта өңдеу көлемі жылына 1200 тоннаға жетеді. Қазір катанкадан сым өндіру желісін іске қосып жатырмыз және кабельдерге арналған пластикат — оқшаулағыш материал өндіру қуатын кеңейтіп жатырмыз», — деді «HarmonyCable» ЖШС коммерциялық директоры Мәди Мұханұлы.

Бүгінде Қазақстаннан мыс көбінесе Түркияға, сол жерден Еуропаға экспортталады. Компанияның мақсаты — аралық тізбектерді айналып өтіп, еуропалық нарыққа тіке шығу.

Косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химия өндірісіне маманданған «Telli Ondiris» ЖШС зауыты 2024 жылғы қаңтар айынан бастап жұмыс істейді. Жобаның құны — 3 млрд теңге, оның 465 млн теңгесі — «Алматы қаржы» ЖШС кредиттік қаржыландыру. Кәсіпорын аумағында өндірістік және қойма үй-жайлары және аккредиттелген зертхана орналасқан.

Косметикалық өндірісте 49 жұмыс орны ашылды. Қуаттылық жылына 30 млн бірлікке дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жұмыстың алғашқы 10 айында 380 мыңнан астам бірлік шығарылды, оның ішінде сусабындар, кондиционер бальзамдары, душқа арналған гельдер, сұйықсабындар, лосьондар, тониктер және мицеллярлық су бар. Өнімдер өз брендтерімен (Asiya, Telli, AsiaProfessional) және ірі қазақстандық сатушылар үшін келісімшарт бойынша өндіріледі. Зауыт жаңа экспорттық нарыққа шығуға мүмкіндік беретін GMP стандартының фармацевтикалық талаптарына сәйкес салынған.

«Біз өзімізді келісімшарттық өндіріс ретінде таныстырамыз, фғни өнімді клиенттің өз брендімен шығарамыз. Сонымен қатар біз өз брендтерімізді де дамытып келеміз, олардың құрамының 95%-і — табиғи компоненттер. Жергілікті шөптер қолданамыз, сығындыларды өз экстракторымызда дайындаймыз және жақын арада авторлық шикізатқа патент рәсімдеуді жоспарлап отырмыз», — деді «Telli Ondiris» ЖШС директорының орынбасары Жанна Баймағамбетова.

Баспасөз туры барысында Алматының индустриал аймағы республикада маңызы бар жетекші өндірістік алаңдардың бірі екені аталып өтті. Оның аумағында жалпы сомасы 142,1 млрд теңгеге 41 жоба іске қосылып, 4 430 жұмыс орны ашылған. Іске асыру сатысында 411,2 млрд. теңге сомасына 66 жоба бар, онда 7 453 жұмыс орны ашылады.

«Біз тұрақты даму динамикасын және инвесторлардың аса қызығушылығын байқап отырмыз. Индустриялық аймақта мемлекеттік қаражат есебінен толық инженерлік инфрақұрылым және ыңғайлы көлік логистикасы, өзінің теміржол станциясы бар», — деді «Алматының индустриалды аймағы» ЖШС бас маманы Дана Халықова.  ​

Биыл Алматының индустриал аймағында жалпы құны 135,5 млрд теңге болатын 2 662 жұмыс орнын ашу үшін 11 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде алты ірі кәсіпорын, соның ішінде жеңіл автомобильдер, биокормалар, шыны ыдыстар, арматуралық торлар және резеңке бұйымдар шығаратын зауыттар, қаланың өндірістік секторының одан әрі дамуына ықпал ететін бес шағын өнеркәсіптік өндіріс бар.