Алматыдағы Абай атындағы республикалық мектеп-интернатта шығармашыл жас көп. Мектептегі «Ділмар» шешендік өнерді дамыту үйірмесінің негізінде рухани орта қалыптасқан. Үйірме мүшелері жазу шеберлігін шыңдап жүр. Үйірме құрылған алты жылда оқушылардың шығармасы топтастырылған «Дарынның ділмарлары», «Ділмарлар дүбірі», «Жемісті жыл» кітаптары шыққан. Балаларды қорғау күніне орай, оқырманға «Ділмар» мүшелерінің төртінші кітапқа жазып жатқан материалдарын ұсынамыз.
10-класс оқушысы Нұрайым Жасұланқызы:

Журналистика — ақиқаттың айнасы
Кейде түннің бір уағында көз ілмей, төбеге қадала қарап жатып, ойға шомамын. Болашақ деген ұшы-қиыры жоқ теңіз секілді. Қай бағытқа жүзерімді білмей, толқынға еріксіз еріп бара жатқандай күй кешемін. Қай жерге тоқтаймын? Қайықты қай жағаға байлаймын?
Қандай мамандық иесі боламын? Бұл сұрақ күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыра бастады. Таңдауым қандай? Мені бақытқа қай жол бастайды? Жүрегімдегі арманымды өмір жолына айналдыра алам ба? Бәлкім, дәл осы уайым адамды алға сүйрейтін күш шығар… Кейде күмәніме нүкте қойғым-ақ келеді. Алайда өмір өзі жауап беретіндей. Бір апта бұрын күтпеген жаңалық жетті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған «Жас тілшілер» байқауында «Үздік мақала» номинациясы бойынша мақалам бір орынды қанжығалапты. Кейінгі уақытта қара қаламым қапыда қалып, жазғандарым жарияланбай жүрген соң, бұл хабар мен үшін жаңалық болды. Не керек, Абай мектебінің бес жас тілшісі ҚазҰУ-ға аттандық. Қазір ойлап отырсам, сол күн менің болашағымның көкжиегін айқындап берген сияқты. ҚазҰУ-ға кірген сәттен бастап атмосфера мүлде басқаша болып кетті. Биік ғимараттар, асыға басқан студенттер, қолына папка ұстаған профессорлар – бұл жер білім мен ойдың қайнаған қазаны еді. Залға кірдік. Көп күттірмей «Журналист болғың келе ме?» деген форум да басталды. Спикерлердің бірі журналистика қағидасын түсіндірсе, енді бірі ақпараттың күшін айтып, қоғамға тигізер әсерін сөз етті. Менің санамды селт еткізген Кәкен Қамзин атамыздың сөзі болды. «Журналистика – жай ғана мамандық емес, бұл – ғаламдық пән. Ұмытпаңдар, журналистика – ақиқаттың айнасы», — деді ол.
Ақиқаттың айнасы… Шынында, біз айналамызда болып жатқан нәрсені көреміз, естиміз, бірақ оның пайымына жетеміз бе, ақиқатына үңілеміз бе? Адамдар өзін көру үшін айнаға қарайды, ал қоғам өзін көру үшін журналиске қарайды. Бұл айна кірленсе, оған жалғанның дағы жұқса, шындықтың бейнесі бұрмаланады. Осы кезге дейін мамандық таңдау мәселесіне келгенде өзіме пайда әкелетін кәсіпті ғана ойлаппын. Ал бұл қоғамға қандай қызмет ететініңді таңдау екен. Осы кезде «Ділмардағы» ағайымыз жаттатқан «Өз пайдаңды ойлама – ел пайдасын ойла: өз пайдаң соның ішінде» деген Баласағұнның сөзі мұнар ойымның мазмұнын аша түсті.
Форумнан шыққан соң, мектебімізге бет алдық. Жаңбыр сіркіреп тұр, ҚазҰУ ғимараттары артта қалып, санамды жаулаған сауал қайта басталды. Автобусқа отырып, терезеден сыртқа көз тастадым. Біреулер асығып кетіп барады, біреулер аялдамада үнсіз тұр. Әрқайсының өмірі, жолы бар. Кенет ойымды қарсы отырған балақай бөліп жіберді. Шамамен, жеті-сегіз жаста. Кішкентай саусағымен әйнекке сурет салып отыр. Әуелі дөңгелек сызып, оны күнге айналдырды. Кенет қолын тартып алып, анасына қарады. Күн орнында саусақ ізі ғана қалды. Таныс жағдай. Бізде де солай емес пе? Арманымызды әйнекке салған суреттей бейнелейміз, бірақ сәлден соң із өшіп кетеді. Уақыт бәрін өшіріп тастайды.
Арманымызды әйнекке емес, жүрегімізге жазсақ ше? Арманым — ақиқаттың айнасына дақ түсірмей, көпшіліктің мүддесі үшін жұмыс істейтін тәуелсіз, сауатты журналист болу. Бұл — арман ғана емес, мақсат та! Кейін журналист ретінде жазғаным біреудің көкейіндегі сұраққа жауап болуы керек, бұлыңғыр қоғамның бетіндегі тұманды сейілтуге тиіс. Журналист – оқиғаның куәгері ғана емес, оқырманның, көрерменнің көзі, құлағы, даусы. Осы жолды таңдасам, әділет қылышын қайрап, шындық отын жағуға тиіспін.
Терең дем алдым. Терезеге қайта қарадым. Балақайдың салған суреті әлдеқашан өшіп қалған. Ал мен жүрегімнің әйнегіне тілегімді жазып қойғанымды сездім.
10-класс оқушысы Сымбат Дүйсенқызы:

Жүрегіме ұя салған «Ақбілек»
Кейбір кітапты оқып шығып, ұмытып кетесің. Ал енді бір кітаптар өміріңнің бір кезеңімен астасып кетіп, жүрек түкпіріне жайғасып алады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы – мен үшін дәл сондай шығарма. Ол менің жан дүниемді төңкеріп, әйел болмысын тереңірек тануыма себеп болды.
«Ақбілек» – әуелде жай бір кітап, жай бір роман ретінде көзіме түскен. Алайда бетін ашқаннан-ақ басқа әлемге тап болғандай сезіндім. Қазақ даласындағы аласапыран заман, әйел тағдыры, ұлт күйзелісі – мұның бәрі маған бұрын-соңды мұндай шынайы, жан-жақты, ауыр көрініспен жетпеген еді. Ақбілек басынан өткен әр оқиғаны жүрегіммен сезіп отырдым.
Ақбілек тағдыры – жүрегі нәзік, арлы, арманшыл қыз тағдыры. Алайда оның тағдыры оңай болмай шықты. Қарапайым қазақ қызы орыстың зұлымдығына ұшырап, ар-намысы тапталып, тағдыр кезіне тап болды. Дегенмен бұл сынақ оның рухын оятты. Ол жылап, егіліп, басқа шығармалардағы кейіпкердей әлсіз болған жоқ. Керісінше, өзінің жаңа болмысын қалыптастырды. Осы тұста мынаны ұқтым: адам басына қандай қиындық түссе де, ішкі рухы мықты болса, бәрін еңсереді.
Шығармадағы ең ауыр әрі есте қалған сәттің бірі – Ақбілектің ауылына қайтып оралғаны. Әлем одан теріс айналған еді. Тіпті туған әкесі де оны сыртқа тепті. Ол жалғыз еді. Оны қорлағандар кетті, ал қасірет қыздың ішінде қалды. Алайда ол тағдырына мойынсұна салмады. Оған үнсіз қарсы тұрды. Қоғам оған кешірім бермесе де, ол өзін кешіре алды. Мен үшін бұл – адам рухының ең биік жеңісі. Бұл роман желісі арқылы ғана емес, философиялық астарымен де есте қалды. Жүсіпбек Аймауытов әйел тағдыры арқылы ұлттың трагедиясын көрсеткен. Ол ескі мен жаңаның, ар мен намыстың, қорлық пен жеңістің күресін ашқан, ал бұл күрестің басында нәзік әрі мықты Ақбілек тұрды.
Шығарманы оқып бітсем де, бір сұрақ маза бермеді: «Мен дәл Ақбілек сияқты рухты бола алам ба?» Оның көргенін көрмесем де, күйзеліс, ішкі күрес бәрімізде бар. Сондай сәтте енді Ақбілекті еске аламын. Оның өмірі – маған үлгі, сабыр мен қайсарлықтың көрінісі. «Ақбілек» — жай шығарма емес, жүрегімнің бір бөлігіне айналған кітап. Кітапты әр парағы, әр тармағы, әр сөзі мені шыңдады, санамды тербетті, көзімді ашты. Сондықтан бұл роман – өмірімде ерекше есте қалып, қайта оралып оқи бергім келетін, рухани серігіме айналған шығарма.
10-класс оқушысы Болат Қанатұлы:

Кептеліс өміріңізді ұрламасын десеңіз…
Алматы — ару қала. Алатаудың құшағында жасы мыңға келсе де, жас баладай ойнақтаған ұйқысыз қала. Бұл қалада арқан бойы жерге жету кейде алтыннан да қымбат, аяулы уақытыңды арнауың керек. Бүгін жол жеткізбегеннің бірі болдым. Үйден шығып, Абай атындағы интернатқа жол тарттым. Сол ұзақ жол аяулы екі сағатымды ұрлап алды. Ал енді сіздерге сол екі сағатты ұрлатпаудың жолын айтып берейін.
Бұрын интернаттан апта сайын үйге қайтып жүрдім. Бірінші апта мектепке келе жатқанда құр жолға қарап отырдым. Екінші апта ұйықымды қандырып алдым. Үшінші апта ойға шомдым. «Жол адамның миын тазартады» деуші еді ғой. Автобуста отырып, нешетүрлі оқиғаны, нешетүрлі адамның тағдырын көрдім. Оларға қарап бірде қуансам, бірде жаным ашиды. Ойлана келе, менің де жайым «жан ашитындай» екенін түсіндім. Уақытымның басым бөлігі жолға кетеді, демек, уақыт өмірімді ұрлап жатыр. Сосын «Уақытымды қалай сақтаймын?» деген сауал мазалады.
Шешімі табыла кетті. «Ділмар» үйірмесімен кезекті бір сапарымызда шұғыл арнау жазу керек болды. Сол кезде қоғамдық көлікте отырып арнау жаздым. Ойлап отырсам, уақытымды тиімді пайдаланыппын.
Ал енді осы оқиғадан түйгенімді жоспар қылып, сіздерге жеткізейін. Баратын жеріңіз бір сағаттық жер болар. Автобусқа міндіңіз делік. Алда бір сағат уақытыңыз бар. Сол бір сағаттың ішінде сауап та, білім де алып үлгересіз. Жасы үлкен, балалы кісілерге орын беріп, бата аласыз. Кітап ұстап алып, бір сағатта біраз бет оқып тастайсыз. Айналадағы адамдармен мейіріммен сөйлесіп, энергия алмаса аласыз. Шығармашылықпен айналысып, сайт пен газетке мақала, өлең, жолжазба жазыңыз. Сөйтіп, автобус ішінде де өзіңізді дамытыңыз, шыңдаңыз. Сонда уақыт сізді емес, сіз уақытты басқарасыз.
«Бүгін жол жеткізбегеннің бірі болдым». Басында осы сөйлемді неге айтты деп ойлайсыз? Бұл — уақытымды құртып, енді қайтсем деп жүргенде жазған бірінші сөйлем еді. Ал қазір қоғамдық көлікте үлкен кісіге орын беріп, телефонға мақала жазып келемін.
10-класс оқушысы Гүлшат Доскенқызы:

Біз өзі келешекке не қалдырамыз?
Қазір «ата-бабамыз қан майданда соғысып жүріп жерді, 1986 жылы қатал режимге қарсы тұрып тәуелсіздікті, байлыққа толы ұлы даланы, мың ғасырға жетерлік, өшпейтін, өлмейтін халық ауыз әдебиетін қалдырды» дейміз. Ал біз ше? Біз келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Олар да біз секілді өткенімен мақтана алатындай іс тындыра аламыз ба? Шынымен, өткенді жырлаймыз да, келешекке көз тастамаймыз. Керісінше болашаққа қатысты сауалдарға көбірек мән бергеніміз жөн.
Жер ме? Кезінде түркі халықтары өмір сүрген ұлы даланы ұрпаққа дәл осы қалпында аманат етіп қалдыра аламыз ба? Иә, Қазақстанның әр бөлігі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе, қалдырамыз. Сондықтан «Жер мәселесі — Қазақтың тірі я өлі болғанының мәселесі» деп Ахмет атамыз айтқан сөзді ұмытпауымыз керек. Мұндай ұстаным арқасында жерімізде алшаң басып жүрміз. Көк туымыз мәңгі көкте қалықтау үшін ұлттық сана болмағы абзал. Сонда ғана ұлт сақталады.
Тіл ме? Қазір қазақ тілінің жайы құбылмалы болып тұр. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деген хакім Абайдай мың наданмен күресіп жүргендер бар. Дегенмен қоғамға күші жете алмай жатыр. Тілімізді сақтағымыз келсе, қазақ тілін бөтен сөздермен былғамағанымыз жөн! Себебі Ғабит Мүсірепов айтпақшы, «Тіл салақ сөйлегеннен бұзылады».
Халық ауыз әдебиеті ме? Біз оны қалай сақтаймыз? Оның көркем әрі тәрбиелік маңызын бағалап, дәріптеп, дамыта алсақ, әлі мың жыл жырланады деп сенемін. Менің ойымша, біз заманауи әдебиетті көбірек оқымағаннан, қадіріне жете алмай жатырмыз. Ал қазіргі әдебиет келешек үшін аса керемет шығарма болуы әбден мүмкін.
«Бабамыз батыр болды дегенше, баламыз батыр болсын деп тілейік» дейді. Батырлық тек найза алып, жауға қарсы шығу емес. Батырлық – елі үшін етінен ет кесіп алса да қыңқ етпейтін, ел мүддесі үшін күресетін тұлға. Ұрпағымыз батыр ұрпақ болуы үшін, әуелі өзіміз үлгі болуымыз керек.