Басты бетҚоғамАлматыда Жеңістің 80 жылдығы қалай аталып өтті?

Алматыда Жеңістің 80 жылдығы қалай аталып өтті?

Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Жеңістің 80 жылдығына арналған негізгі салтанатты іс-шаралар өтті. Бұл тарихи күні ардагерлер, қала басшылығы және қала тұрғындары жиналып, бейбітшілік сыйлаған батырларға тағзым етті. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлап отыр.

Алматы әкімі Ерболат Досаев соғыс ардагерлерімен бірге Мәңгілік алауға гүл қою рәсіміне қатысты.

Алматыда Б.Момышұлының монументіне, Т.Бигелдинов, Р.Қошқарбаевтың мемориалдық тақтасына, Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова, С.Нұрмағамбетов ескерткіштеріне, С.Луганский бюстіне, «Отан ұлдарына мәңгілік естелік» және «Отан үшін қаза тапқан батырларға мәңгілік даңқ» мемориалдары мен соғыс батырларына арналған мемориалдық тақталарға гүл қойылды.

Гүл қою рәсімінен кейін Ерболат Досаев майдангерлермен және олардың жақындарымен бірге 9 мамыр қарсаңында ашылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясын аралады.

Саябақта ерекше атмосфера орнады – халық көп, көңіл-күй де көтеріңкі. Соғыс ардагерлері, олардың жақындары мен жиналған қала тұрғындары ақ тілегін айтып, әсерін бөлісті.

«Мен Қазақстанда тұратыныма қуанамын, өте бақыттымын. Баршаңызға бейбітшілік пен татулық тілеймін», – деді ҰОС ардагері Александр Журавлев.

Жетісу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Тамара Шәкірова тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлеріне ұзақ та бақытты ғұмыр тіледі.

«Жеңіс күнінің маңызына баға жетпейді. Егер тарихымызды ұмытсақ, балаларымызды ешқашана патриотизм мен адамгершілікке тәрбиелей алмаймыз. Сондықтан бұл көз жасымен, самайдағы ақ шашпен келген ерекше мереке. Соғыста болғандардың барлығы батырлар. Ардагерлерге және тыл еңбеккерлеріне ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін», – деді ол.

Азаматтық авиация ардагері Александр Смирнов жыл сайын Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюға қатысатынын айтты.

«Жеңіс күні – өте маңызды мереке. Жыл сайын 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябаққа келіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоямын. Баршамызға ашық аспан тілеймін. Адамдар әрқашан бақытты өмір сүріп, қаза тапқан батырларды естен шығармауы керек», – деді ол.

ардагерлер
Фото: Алматы әкімдігі

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта әскери техника көрмесі өтті, қала тұрғындары мен қонақтары үшін далалық асхана ұйымдастырылды, мерекелік концерт болды. Онда қазақстандық артистер майдан және соғыстан кейінгі жылдар әндерін орындады.

Жеңіс күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында да аталып өтті. Мұнда «Батырларға тағзым» акциясы бастау алып, оның соңғы аялдамасы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы болды. Бұл іс-шараға 30 мыңнан астам алматылық қатысты. Шеруді әскери оркестр, құрмет қарауылы ротасы және ардагерлер ұйымдарының өкілдері бастап жүрді.

Алматылық Любовь Ивановна Шмалько акцияға ата-анасының портретімен келді.

«Екеуі де соғыс көрді, қиындықты бастан кешірді. Бірақ кейін шаңырақ құрып, бес бала тәрбиеледі. Біз оларды мақтан тұтамыз. Олар үнемі «ең бастысы – бейбітшілік» деп айтатын. Жас буын осы сыйдың қадірін біліп, ұмытпаса екен тілеймін», – деді ол.

«Батырларға тағзым» акциясының ең жас қатысушыларының бірі бес жастағы Асылай Абай.

«Біздің отбасымызда Жеңіс күнін атап өту дәстүрге айналған. Біз фильм көреміз, әскери ән тыңдаймыз. Ата-анам біз бабалар ерлігі жайлы білуіміз керек дейді. Маған бүгінгі мереке өте ұнады!» – дейді Асылай.

Көптеген адам бұл іс-шараға бүкіл отбасымен келді.

«Бүгін отбасымызбен келдік. Біздің үлкен отбасымызда соғысқа қатысқан батырлар көп. Төртеуі соғысқа аттанды, тек біреуі ғана оралды. Атамыз фельдшер болып жүріп, 57 адамды ұрыстан арқалап алып шыққан. Өмірін сақтап қалды. Өзі ауыр жарақат алған. Біз ешқашан оларды ұмытпаймыз, еске алып, алғыс айтамыз. Жеңіс күні – бұл өте жарқын мереке, оны біз – жас ұрпақ ұмытпай, болашаққа жеткізуіміз керек», – деді ардагердің шөбересі Елена Кулакова.

Алматылық Владимир Чернышев — аты аңызға айналған 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгері Григорий Чернышев ұлы.

«Әкем Григорий Гаврилович Чернышев 1941 жылғы шілдеде майданға аттанып, 1945 жылғы 18 қыркүйекте әскерден оралды. Соғысқа толық қатысты. 8-гвардиялық Панфилов дивизиясында, 1077-атқыштар полкінде қызмет етті. Волоколамск тас жолындағы шайқастарға қатысқан, Панфиловтың қазасына куә болған. Мен әкеммен мақтанамын. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмасын деймін», – деді ол.

Жазғы сахнада эстрада әртістері мен мәдениет қайраткерлері соғыс жылдарындағы әндерді орындады.

Қала тұрғындарына саябақта орналасқан дала асханаларынан нағыз сарбаз ботқасы ұсынылды.

Алматы тұрғындары мен қонақтары қала құрылымдары, ардагерлік және қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған мерекеге куә болды.

Соғыс жылдары майданға 1,2 миллион Қазақстан азаматы шақырылды. 100 мыңнан астам адам жауынгерлік орден және медальмен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Бүгінде Алматыда Ұлы Отан соғысының 21 ардагері тұрады.