Басты бетЖаңалықтарБиыл Алматыда 16 жылу қазандығы жаңартылады

Биыл Алматыда 16 жылу қазандығы жаңартылады

Алматыда биыл 16 жылу қазандығы жаңартылады. Қала әкімі Дархан Сатыбалды алдағы жылыту маусымына дайындық жөнінде жұмыс кеңесін өткізді.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жиын барысында қала басқармалары, коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың басшылары атқарылған жұмыстар мен инженерлік инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және салу жөнінде есеп берді.

Биыл 39 шақырым жылу, 238 шақырым электр, 260 шақырым су құбырын және 34,7 шақырым газ желісін қайта жаңарту жоспарда. Сонымен қатар, 2025 жылы 347 шақырым су және кәріз желілерін салу және жаңғырту, сонымен қатар 69 қазандықты жөндеу және 16 қазандықты жаңғырту көзделген. Бұл жұмыстар аясында 12 қазан, 47 механизм, 11 сыйымдылық және газ жабдықтары ауыстырылады.

Кеңесте инженерлік желілердің 56,1%, электрмен жабдықтаудың 64,5%, сумен қамтамасыз етудің 51,73%, газдың 36 пайызы тозғаны айтылды.

Қала әкімі инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Мен күн сайын жылыту маусымына дайындық барысы туралы мәлімет алып отырамын. Егер қандай да бір кешеуілдеу болса, дереу шара қолданамыз. Магистралдық желілер мен энергетикалық жобаларды жаңғырту бойынша келісімшарттар жасалған, қаржыландыру қамтамасыз етілген, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бақылауды босаңсытуға болмайды, әсіресе, тұрғын сектор мен әлеуметтік нысандардың дайындығына ерекше назар аудару қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Кеңестен кейін Дархан Сатыбалды қаланың бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысанын аралады. Қаланың негізгі энергия көздерінің бірі – ЖЭО-2-де ол энергетикалық және қосалқы жабдықтарға жүргізіліп жатқан ауқымды жөндеу жұмыстарымен танысты.

Жаңғырту жобасы экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты арттыруға бағытталған. Электр қуатын 557 МВт-қа, жылу қуатын 952 Гкал/сағ дейін арттырып, зиянды заттар шығарындыларын 93%-ке, ал көміртек ізі 38%-ке төмендету көзделіп отыр.

ЖЭО-2-ні жаңғырту – ең маңызды міндеттердің бірі. Бұл қаланың экологиялық тұрақтылығы мен жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ететін стратегиялық жоба. Экологиялық көрсеткіштерді жақсарту Алматының дамуына қосылған маңызды үлес, – деді Дархан Сатыбалды.