Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында әлемдегі қақтығыстардың зардабына тоқталды. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап барады. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Бұл, шамамен, әлемдік ІЖӨ-нің 13,5%-і. Дегенмен осы сандардың арғы жағындағы ахуал одан да қорқынышты: қазіргі қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген «ойыншылар», тіпті, ешқандай мемлекетке қатысы жоқ топтар араласады. Бұдан бөлек, мұндай қақтығыстардың тамырында түрлі қайшылықтар жатыр, — дейді президент.
Оның айтуынша, осы факторлар бейбітшіліктің берік орнауына кедергі келтіріп жатыр. Айрықша алаңдаушылық туғызатын тағы бір дүние – әлемдегі осы тектес шиеленістердің жаһанға мүлдем жаңа түсінік пен құндылықтар ұсынып, адамзатты түбегейлі түлеген, бірақ әзірге беймәлім келешекке бастап бара жатқан жасанды интеллектінің даму трендімен еш үйлеспеуі.
Бұл орайда тарихи тұжырымдар мен саяси араздыққа негізделген әскери қақтығыстар мен соғыстар мүлдем орынсыз, тіпті ақылға қонбайды. Соғысудың орнына біз халқымызды, әсіресе, жастарымызды саналы әрі өркениетті қоғам құруға үндеуіміз керек. Әрине, қақтығыстардың қай-қайсысы да жіті назар аударуды қажет етеді. Әйтсе де, ядролық қаруды иеленген мемлекеттер арасындағы шиеленіске айрықша мән бергеніміз жөн, — дейді мемлекет басшысы.
Президент Астана халықаралық форумында жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жөнінде нәтижелі пікір алмасу болады деп үміттенеді.