Алматыда жол жөндеу жұмыстары басталады. Осыған байланысты қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Асан Бостанов жиектастарды ауыстыру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
1 маусымнан бастап қалада орташа жол жөндеу жұмыстары басталады. Биыл жалпы ұзындығы 300 шақырым болатын 367 көше жөндеуден өтпек.
Сонымен қатар Райымбек батыр және Желтоқсан көшелері бойында BRT желілерін салу жалғасып жатыр.
Жиектас мәселесіне жеке тоқталғым келеді – бұл тақырып әрдайым тұрғындарды алаңдатады. Орташа жөндеу барысында да, BRT желісін салу кезінде де жиектастарды ішінара ауыстыру қарастырылған. Бұл технологиялық тұрғыдан қажет қадам. Жалпы алғанда, гранит жиектастар ұзақ мерзімге шыдайды, алайда көлік қозғалысы қарқынды қалада олар жол-көлік оқиғасы немесе ауыр техниканың соғылуы салдарынан жиі зақымданады. Сондықтан жаңа асфальт төсеу алдында жиектастар тегістеледі, биіктігі реттеледі. Сынбаған, жарамды жиектастар қайта қолданылады. Ал сызат, жарық, механикалық зақым немесе стандарттан ауытқу бар элементтер ғана ауыстырылады. Орташа жөндеу кезінде қала бойынша орта есеппен жиектастардың 3-5%-і ғана жаңартылады, — деді Асан Бостанов.
Оның айтуынша, BRT жобалары аясында мердігер ұйымдар жеті жылдық кепілдік міндеттемелерді орындайды. Олар жол төсемінің, жаяу жүргіншілер аймағы мен жиектастардың сапасына толық жауап береді.
Райымбек батыр даңғылы бойындағы BRT желісін салу кезінде жолдың геометриялық параметрлері түзетіледі – кейбір бөліктері кеңейтіліп, кейбірі тарылады. Сонымен қатар қоғамдық көлік аялдамалары маңында қауіпсіздік аралшалары орнатылады. Бұл өзгерістер жағдайына қарамастан қазіргі гранит жиектастарды алып тастауды талап етеді. Сол кезде барлық жиектас сұрыпталады. Ақауы жоқ, қайта пайдалануға жарамды тастар тегістеліп, қайта орнатылады, — деді қалалық мобильділік басқармасының орынбасары.
Спикердің сөзіне қарағанда, құрылыс-монтаж жұмыстары басталмай тұрып, техникалық және авторлық қадағалау тарапынан даңғыл бойындағы жиектастарға визуалды тексеру жүргізілді.
Соның нәтижесінде биіктігі мен сапасы талапқа сай келмейтін, зақымданған және пішіні өзгерген бөліктер анықталып, оларды ауыстыру көзделіп отыр, — деді ол.