Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақатына сараптама жасаған Алматы облысы бойынша сот сараптамалар институтының сарапшысы Өмірбек Жолымбетовтен жауап алынды.
Нұрқанат Ғайыпбаевқа сараптама 9 қазанда жасалған. Оның денесіндегі жарақаттар өмірге қауіп төндірмейді. Медициналық құжаттарға сәйкес, клиникалық жабық ми жарақатын алған. Миы шайқалған, маңдай бөліктен соққы тиген, терісі сыдырылған. Шүйде бөлігі қанталаған, кеуде қуысынан жабық жарақат алған, оң жақ жамбасында шаншыла кесілген жарақат болды. Сараптамаға сәйкес, үш аптадан аспайтын уақытқа денсаулыққа жеңіл түрде зиян келтіру деп сараланды, — деді сарапшы Өмірбек Жолымбетов.
Қысқасы сот-медициналық сарапшы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақаты өміріне қауіп төндірген жоқ дейді.
Жамбасындағы үш дене жарақаты терең емес, анатомиялық құрылым бойынша жамбастағы бұл жарақаттар ірі қан тамырлары болмағандықтан жеңіл дене жарақаты деп бағаланды. Сараптама оқиға болғаннан кейін бір аптадан соң жасалды, — дейді Өмірбек Жолымбетов.
Оның айтуынша, жамбасына бір ғана заттан жарақат салынған. Мұндай дене жарақатынан адам есін жоғалтпайды, адамды мүгедек етпейді, өзі жазылып кетеді.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.