Басты бетЖаңалықтарКиров су қоймасы 58 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөнделіп жатыр

Киров су қоймасы 58 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөнделіп жатыр

Ұзындығы төрт шақырымнан асатын Көшім су каналының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.

Су қоймасының бөгеті 84%-ке жөнделді — шамамен 1,5 шақырым бөлігі қайта жаңартылды.

Су жіберу каналының жөндеу жұмыстары 69%-ке, ал Первомай магистральды каналының жөндеу жұмыстары 66%-ке орындалды. Су қоймасындағы бақылау-өткізу бекеттері мен электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысы 80%-ке аяқталды, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, жыл соңына дейін Киров су қоймасындағы барлық жөндеу жұмысын толық аяқтау жоспарланған.

Жобаның жүзеге асуы Киров су қоймасының сенімділігін арттырып, тұтынушыларға суармалы судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде су қоймасының сыйымдылығы ұлғайып, жұмысы тиімдірек болады. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы 12 мың гектардан астам жерді суаруға мүмкіндік береді.

Киров су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Қойманың сыйымдылығы — 62,9 миллион текше метр. Бұл нысан Урал-Көшім суару-суландыру жүйесінің құрамына кіреді.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, министрлігіміз 37 су қоймасына кешенді түрде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Былтыр Ақтөбе су қоймасына 36 жылдан кейін алғаш рет жөндеу жүргізілді. Қазіргі кезде оның сыйымдылығы 245 миллион текше метр. Сонымен қатар Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.