Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Орталық (ұлттық) банктері кеңесінің бірінші отырысы өтті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жиынды ашқан президент жуырда Мажарстанда өткен бейресми саммитте Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары ынтымақтастықты тереңдетудің маңызын растағанын атап өтті. Тариф саясатының өзгеруінен туындаған жаһандық экономиканың трансформациясы жағдайында мұның мәні арта түсті. Президенттің айтуынша, қазіргі кездегі күрделі өзгерістер қиындықтармен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру мен қаржы сияқты негізгі салаларда күш-жігерді үйлестіру қажет.
Мемлекет басшысы қаржы секторындағы ынтымақтастықты кеңейту барысында орталық банктер негізгі рөл атқарып, экономикалық және инвестициялық серіктестіктің қозғаушы күшіне айнала алады деп санайды.
Жиынның күн тәртібіне экономикалық үдерістерге, ақша-несие саясатына, сонымен қатар орталық банктердің цифрлық валюталары, криптовалюталары және цифрлық активтері, яғни, қаржы технологияларын дамытуға қатысты өзекті тақырыптардың енгізілгені қуантады. Қазақстан бұл салада айтарлықтай жетістікке жетті. Атап айтқанда, барлық транзакциялар құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85 пайызды құрады. Біздің ұлттық банк аймақта бірінші болып цифрлық теңгені енгізді. Жақын арада цифрлық активтердің, соның ішінде криптовалюталардың, стейблкоиндердің және токенизацияланған құралдардың қауіпсіз айналымын қамтамасыз ететін жаңа ережелерді қабылдау жоспарланып отыр, — деді мемлекет басшысы.