Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейтілген режимде атқаруға тапсырма берді.
Үкімет басшысының айтуынша, арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Жазда энергетикалық нысандарды жөндеу жұмыстары толығымен орындалуы шарт.
Талап қатаң болады. Үкімет тарапынан қажет көмек көрсетіліп жатыр. Осы айда мен Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларында жылу көздерін жаңғырту үшін резервтен 25 миллиард теңге бөлу туралы қаулыға қол қойдым. Үкімет осы қаражаттың тиімді жұмсалуын және одан алынған нәтижені бақылайтын болады, — деді Олжас Бектенов министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыс мерзімін кешіктіру қаупі байқалып отыр. Мәселен, Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Рудный мен Арқалықта да тура сондай жағдай. Ал Маңғыстау облысында МАЭК-тың екінші жылу орталығының турбинасын жұмыс тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясы жөндейін деп жатыр. Осыған байланысты премьер нақты бірнеше тапсырма берді.
Өңір әкімдіктері барлық конкурстық рәсімді екі аптада аяқтап, жөндеу жұмыстарына кірісуі керек. Басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Биыл іске қосу жоспарланып отырған нысандар бойынша барлық жұмысты тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет, — деді премьер-министр.