2025 жылғы мамыр айынан бастап ChatGPT Қазақстанда қосылған құн салығын төлейді. Бұл туралы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылдан бастап Қазақстанда цифрлық қызметтерге салық – «Google салығы» сәтті енгізілді. Бұл шара ел нарығында жұмыс істейтін трансұлттық ІТ-компанияларға әділ салық салу жолындағы маңызды қадам болды.
Жаһандық цифрлық платформалармен өзара іс-қимылды жетілдіру аясында 2025 жылғы мамырдан бастап OpenAI, L.L.C. компаниясы шартты түрде тіркелді. Бұл — жасанды интеллект саласындағы жетекші америкалық ұйым, кеңінен танымал ChatGPT интеллектуалдық жүйесінің әзірлеушісі. Енді Қазақстан аумағындағы жеке тұлғаларға қызмет көрсеткені үшін ChatGPT Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын төлейтін болады, — делінген хабарламада.
Комитет цифрлық секторда ашықтықты қамтамасыз ету, заңнаманы сақтау және тиімді салық салу бағытында жұмысын жалғастырады.