Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылындағы түлектер тағы да тамаша тарту жасады

Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылындағы түлектер тағы да тамаша тарту жасады

Әр перзенттің Отанға деген патриоттық сезімі туған жерді құрметтеуден басталатыны белгілі. Жыл сайын туған жеріне дәстүрлі түрде тарту жасап, еліміздің түпкір-түпкіріне кеңінен танымал болған Жалпақталдың елжанды түлектері биылғы 2025 жылы да қалыпты дағдысынан жаңылмай, алақандай ауылдарына баға жетпес үлкен сый жасап, айды аспанға бір шығарды.

Ауылдағы екі мектепте өткен 2025 жылғы мектеп түлектеріне арналған «Мектебім саған, мың алғыс!» атты салтанатты жиыннан кейін ауылдың 40 жылдық және 20 жылдық мектеп түлектері тарту еткен нысандардың ашылу салтанатына кезек тиді.

1968 жылы дүниеге келген Жалпақтал ауылының 40 жылдық мектеп түлектері Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің алдына көрнекті «Кітап» мүсінін тұрғызды. Барлық талаптарға сай салынған «Кітап» мүсіні алаңы радио қондырғысымен және заманауи жарықтандыру шамдарымен жабдықталған. Айтулы нысан түнгі мезгілде мектеп ауласына ерекше сән беріп, алыстан көз тартады.
-Ер азамат туған жерін көркейтуге атсалысуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз осыған дейінгі жалпақталдық түлектерінің жасап келген игі бастамалырын заңды түрде жалғап, туған ауылымызға деген перзенттік борышымыздың бір мысқалын ғана жүзеге асыру болды. Шүкір, ойлаған мақсатты ісіміз уақытында жүзеге асып, жан-жақтағы құрдастарымыздың қолдауымен ел игілігіне ұсынылды. Жақсылықтың жаршысына айналған бізге дейінгі ауылдастардың бұл бастамасы бүкіл Қазақстан халқына үлгі болып отыр. Біз, сондықтан ел күткен игі істен қалыс қалмайық деген ұранмен осынау нысанды ұрпақтарымыздың болашағына шашу қылып шаштық. Алашыма ана бола білген ауыл тұрмысы жыл сайын жақсара берсін! Ауыл түлектерінің тартуы құтты болсын,-деді 40 жылдық түлектер атынан сөз алған Атамбек Садықов.
-Біз, осыған дейінгі ауылдас аға-әпкелеріміздің патриоттық сезімдерінен туған дара жолдарын жалғай отырып, осынау бастаманы ақылдаса келе түбегейлі қолға алдық. Алғашында көптеген толқулар болды. Қиындықтар мен кедергілер де жолымызды бөгеді. Солай бола тұрса да, басталған бастамамыз жүзеге асуы үшін біздер ештеңеден тайынған жоқпыз. Тәуекелге бел буып іске кірісіп кеттік. Келісіп, кеңесіп істеген істен нәтиже күтуге болады. Санаулы уақыт ішінде ойға алған құрылысымызды жүзеге асырып, бүгінгі таңда «Арнау Арена» жабық спорт кешенін ел игілігіне тапсырып отырмыз. Бұл біздің 2005 жылғы 20 жылдық мектеп түлектерінің туған ауылына жасаған жүрек жарды сыйлығы. Біз мұны мақтан тұтамыз, — деді 2005 жылғы түлектер атынан сөз алған Асхат Жұманов.

Жалпақталдық түлектер жыл сайын өз қаражаттарына туған ауылдарына тарту ретінде көптеген сәулетті нысандарды тұрғызып, тегін сыйға тартып келеді. Осындай бастамамен күні бүгінге дейін ауылдық Мәдениет үйінің алдындағы демалыс алаңы мен субұрқақ, орталық мешіттің қос мұнарасы, бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары мен футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіш тақталары мен «Менің жүрегім – Жалпақтал» атты жарық диодты тақта, ауылға кіреберіс жолға «Жалпақтал» атауы жазылған конструкциялық белгі, орталық саябаққа 13 «Социалистік Еңбек Ері» мен екі Кеңес Одағы Батырының мүсіні орналасқан «Батырлар аллеясы», «Жастар саябағы» мен «СТРИТ ВОРКАУТ» жаттығу спорт алаңы, әлемге танымал жерлес суретшіміз Сәкен Ғұмаровқа арналған айтулы ескерткіш, өзге ауылдарда мүлдем кездеспейтін, жалпақталдықтардың ғана мақтанышына айналған «Аспалы көпір» нысанына маңдайша орнатып, жаяу жол салу, «Атамекен», «Жалпақтал жағалауы», Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі алдына «Арбат» демалыс алаңдары сияқты тағы да басқа көптеген көрікті нысандар сыйға тартылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да