Батыс Қазақстан облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция департаментінің бастамасымен кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мектеп оқушылары мен ата-аналарға арнап арнайы дайындалған таратпа материалдар мен ақпараттық брашюралар үлестірді. Материалдарда жол қозғалысы ережелері, буллиң мен кибербуллиңнің алдын алу, балалардың үйден кетуінің салдары, сонымен қатар төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер туралы пайдалы мәліметтер қамтылды.
Сонымен қатар ата-аналарға арналған үндеулер де таратылып, олардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Полицейлер ата-аналарды балаларының күнделікті өміріне сергек қарап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға шақырды.

Бұл акцияның негізгі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау. Қоғамдық қауіпсіздік – бәрімізге ортақ міндет, – деп атап өтті БҚО полиция департаментінің өкілдері.
Іс-шара балалардың қауіпсіздігін арттыруға, ата-аналар мен қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.