Басты бетЖаңалықтарМинистр биыл қанша шақырым жол жөнделетінін айтты

Министр биыл қанша шақырым жол жөнделетінін айтты

Көлік министрі Марат Қарабаев биыл республика бойынша жөндеу жұмыстары 13 мың шақырым жолды қамтитынын, жыл соңына дейін 9 мың шақырым жолда жұмыстарды аяқтау жоспарланғанын айтты.

Бүгінгі таңда елді мекендердің жолдары мен көшелерінің жалпы ұзындығы – 168 мың шақырым. Оның ішінде 25 мың шақырымы – облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларды байланыстыратын және халықаралық транзиттік бағыттар бойында орналасқан республикалық маңызы бар автожолдар, 70 мың – облыстық және аудандық маңызы бар немесе облысішілік жолдар, 73 мың – елді мекендер ішіндегі көше-жол желісі, — деді ведомство басшысы сенатта өткен үкімет сағатында.

Марат Қарабаев республикалық маңызы бар автожолдар желісі көлік министрлігінің құзыретіне жататынын еске салды. Облыстық және аудандық жолдар, сонымен қатар елді мекендердің көшелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Өткен жылы жол жөндеу жұмыстары 12 мың шақырымды қамтыды, оның 7 мың шақырымында жұмыстар аяқталды.

Биыл республика бойынша жөндеу жұмыстары 13 мың шақырым жолды қамтиды. Оның ішінде республикалық маңызы бар желі бойынша – 2 мың шақырымнан астам қайта жаңарту, облыс орталықтары арасындағы жолдарды жөндеу – 6,6 мың шақырым, жергілікті желі бойынша – 4,2 мың шақырым. Жыл соңына дейін 9 мың шақырым жолда жұмыстарды аяқтау жоспарланған, — деді көлік министрі.