Ақылы жолдарда кіріс көлемі жылына 100 миллиард теңгеден асады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеп отыр.
Жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін, жолдарды нормативтік күтіп ұстауды тұрақты қаржы көзімен қамтамасыз ету үшін ақылы жүйе кезең-кезеңмен енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ұзындығы 3,2 мың шақырым болатын 17 ақылы жол учаскесі бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ақылы жолдардан 48 миллиард теңге мөлшерінде төлем жиналды. 2025 жылы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, жалпы ұзындығы 6,2 мың шақырым болатын 29 учаскеде ақылы жүйе енгізіледі, — деді Марат Қарабаев.
Осы орайда министр жоспарланған кіріс көлемі жылына 100 миллиард теңгеден асатынын айтты.
Болашақта барлық жолды күтіп ұстау, техника сатып алу және қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жабу ақылы жүйе есебінен қаржыландырылады, — деді ведомство басшысы үкімет сағатында.