Алматыда көші-қон қызметі заңсыз көші-қонмен күресу мақсатында бірқатар рейдтік іс-шара өткізіліп жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық ПД хабарлап отыр.
Түрксіб ауданындағы құрылыс алаңдарының бірінде көші-қон заңнамасын бұзып, заңсыз жұмыс істеп жүрген 22 шетел азаматы анықталды. Тоғыз адамға рұқсат құжаттары болмай жұмыс істегені үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Қалған 13 шетел азаматына алдын алу шаралары қолданылып, Алматы қалалық ПД қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Қазіргі таңда заң бұзған жұмыс берушілерді жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – көші-қон талаптарын сақтамаған құрылыс мекемелеріне қатысты заң аясында қатаң шаралар қабылданатынын көрсетеді.
Осыған ұқсас рейд Алатау ауданында да өтті. Нәтижесінде жөндеу жұмыстарына тартылған тоғыз шетел азаматы анықталып, олар да қабылдау-тарату орнына жеткізілді. Наурызбай ауданында шетелдіктердің тұратын жерлері мен құрылыс нысандары тексерілді. Тексеру барысында жеке куәлігі жоқ 10 адам анықталды.
Біз көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау және алдын алу бойынша жүйелі жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Құрылыс алаңдарында тіркеусіз және заңсыз жұмыс істеп жүргендерге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз — қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Еркін Амантаев.