Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі тыңдалымда сот материалдарын зерделеу жалғасты.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы тергеу кезінде жүргізілген беттестіру хаттамасын жария етті. Аталған құжатта прокурор Гүлбара Бишімбиева мен Дидар Қалиахметтің арасында өткен беттестіру жайлы мәліметтер оқылды.
Оқиға болған күні Дидар Қалиахметті көрдім, аты-жөнін қазір ғана білдім. Бұрын арада араздық болмаған. Мені екі бала ұстап тұрған кезде олар Шерзат пен Нұрқатанатты тепкіледі. Ұрып жатқанын нақты көрдім, – деп оқыды прокурор хаттамадан.
Сот барысында айыпталушы тарап жәбірленуші Гүлбара Бишімбиеваны келесі сот отырысына шақыру туралы өтініш білдірді. Адвокат оның тергеу кезінде берген жауабы мен сотта айтқан мәлімдемесі сәйкес емес екенін айтты.
Судья өтінішті қанағаттандырып, жәбірленушіні сотқа шақыруды мемлекеттік айыптаушыларға тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.