Бүгін Алматыда терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді. Іс-шара кезінде метро пойыздарының қозғалысына шектеу қойылмайды.
Бұл туралы Алматы қаласы терроризмге қарсы жедел штабы хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін 22 мамыр күні Беларусь көшесі, 15 мекенжайында орналасқан Алматы метрополитені депосының аумағында сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін жоспарлы антитеррорлық оқу-жаттығулар өтеді.
Оқытудың мақсаты – адам көп шоғырланған жерлерде террористік қауіп-қатер туындаған кезде өзара әрекеттесу дағдыларын машықтандыру. Қауіпсіздік шараларын сақтауды және мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарын орындауды сұраймыз. Сонымен қатар ресми ақпарат көздерін басшылыққа алып, жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырамыз, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзу кодексінің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапқа әкеліп соқтыратынын ескеру қажет.