Басты бет Жаңалықтар Шерзат Болат ісі: Абзал Шынасыл кімді пышақтағанын айтты

Шерзат Болат ісі: Абзал Шынасыл кімді пышақтағанын айтты

Видео скрині
Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Болаттың сотында негізгі айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алынып жатыр.

21 мамырдағы сот отырысында Абзал Шынасыл өзін фото-видеоға түсіруге қарсылық білдірмеді.

Абзал Шынасыл тағылған айыпты жартылай мойындайтынын жеткізді.

Досым Нұрқиястан «Эйфория» мейрамханасында екенін білдім, 15-20 минутта мен де сол жерге жеттім. Кейінірек екі қыз келді, артынан Азамат пен Шыңғыс, одан соң Думан мен Нұрбол қосылды. Бір кезде Нұрбол біреудің досын ұрып кеткенін айтты, бірақ біз оған мән бермей, би алаңына беттедік. Кейін мейрамхана жабылар уақытта Азамат пен Шыңғыстың жоқ екенін байқадым. Азамат маған хабарласып, «Нұрбол досымен бірге Менделеев көшесіндегі дүкеннің жанында біреулермен төбелесіп қалды» деді, — деді Абзал Шынасыл.

Абзалдың айтуынша, сол түні жастар стадионына жолшыбай бара жатқанда төбелес болып жатқаны жайлы ақпарат алған. Оқиға орнына жеткенде Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолынан мылтық көрген.

Нұрқанат аспанға оқ атты, кейін қаруды бізге қарай кезеді. Мен «атпа, сөйлесейік» дедім, ол болса боқтап, «атам» деді. Ол мені ата жаздады, оқ сол құлағымның жанынан өтті. Кейін бір бала қаруды тартып алмақ болды, бірақ Нұрқанат оны шалып құлатты. Сол кезде мен арт жағынан жақындап, оны ұруға тырыстым. Сол сәтте жанындағы Шерзат құлап түсті. Неден құлағанын білмеймін, шалынып қалды деп ойладым, — деді Абзал Шынасыл.

Абзалдың айтуынша, осыдан кейін ол Нұрқанатты пышақтаған. Ол Шерзат Болатқа пышақ сұқпағанын, бастапқыда кінәні мойындай салғанын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.

Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.

9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған. 

2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.

Exit mobile version