Басты бетЖаңалықтарОралда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында шеберлік сағаты ұйымдастырылды

Оралда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында шеберлік сағаты ұйымдастырылды

Оралдағы «Орта юрта» коворкиң орталығында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында «Мәдени кластер» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы хабарлап отыр.

Аталған іс-шара мәдениет, өнер және медиа салаларындағы түрлі бағыттағы мамандардың басын қосатын кәсіби және шығармашылық платформа ретінде қолға алынып отыр.

«Мәдени кластер» – тәжірибе алмасу, шығармашылық идеялармен бөлісу, кәсіби байланысты арттыру мақсатында ұйымдастырылған шеберлік алаңы. Іс-шара аясында қатысушылар режиссура, хореография және медиа-ақпарат бағыттары бойынша заманауи тәсілдермен танысып, танымал сала мамандарынан шеберлік дәрістерін тыңдады.

Фото: Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы

Іс-шара спикерлері қатарында елімізге белгілі мамандар бар:

Назгүл Қарабалина /Алматы қаласы/ – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері, театр және кино актрисасы, режиссер, продюсер. Шеберлік сағатының тақырыбы: «Көпшілік, тақырыптық шараларды креативті ұйымдастыру».

Талғат Ахметов /Алматы қаласы/ – ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің балетмейстері, SARMAT хореографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, бірқатар республикалық жобалардың қоюшы-хореографы. Тақырыбы: «Би қойылымдарының әдістемесі».

Ермұхан Еркінғали /Орал қаласы/ – маркетолог, бизнес-тренер, бірқатар креативті жобалардың авторы. Қатысушыларға «Ақпараттық сауаттылық» және «СММ мен мобилография үйлесімділігі: брендті дамытудың заманауи тәсілдері» тақырыптарында дәріс оқиды.

Іс-шара облыстық және қалалық мәдениет мекемелерінің көркемдік жетекшілері, режиссерлері, хореографтары, медиа мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар сала қызметкерлерінің кәсіби өсуіне жол ашып, өңірдегі мәдениетті дамытуға тың серпін бермек. Сонымен қатар бұл платформа шығармашылық идеялар мен жобалардың ортақ алаңда тоғысуына мүмкіндік туғызды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да