Басты бетЖаңалықтарН. Сац атындағы аңызға айналған балалар театры Оқушылар сарайында спектакль қойды

Н. Сац атындағы аңызға айналған балалар театры Оқушылар сарайында спектакль қойды

Алматыда Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Күрделі жөндеу кезінде театрдың атақты ұжымы қойылымдарын қалалық Оқушылар сарайының жаңартылған Үлкен концерт залында қояды. Бұл кеңістік толықтай жаңартылып, ерекше акустика сақталып қалды: дыбыс шағылыстырушы төбе жүйесі қайта орнатылып, заманауи айналмалы сахна механизмдері, жаңа кулисалар, шымылдық, жарық және дыбыс құрылғылары, сонымен қатар электрмен қамту жүйесі жаңартылды.

Жаңа сахнада алғаш қойылған спектакль – «Күлшеқыз» ертегісі болды. Қойылым көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Театр ұжымы, біздің труппа және көрермендеріміз Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевқа театр өнеріне деген құрметі мен елдегі басты балалар театрына көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіреді. Әкімдіктің қолдауы арқасында театрға 44 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды, – деді Қазақстанның халық артисі, театр актрисасы Ольга Коржева.

театр, сахна
Фото: Н. Сац атындағы балалар театры

Оқушылар сарайындағы қойылымдармен қатар театрдың тарихи сахнасында жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр: тірек құрылымдар күшейтіліп, шатыр мен қасбеті жаңартылуда, сахна, жарық және дыбыс жүйелері толықтай жаңғыртылуда. Ғимараттың тарихи келбетін сақтау ерекше назарда: мәрмәр едендер, витраждар, мозаикалар мен басқа да сәулеттік элементтер қалпына келтірілуде. Сонымен бірге ғимарат мүмкіндігі шектеулі көрермендер үшін бейімделіп жатыр.

Театрдың негізгі ғимаратының жанынан Камералық сахна орналасатын бөлек ғимарат салынып жатыр. Онда SATS COMMUNITY театр студиясының сыныптары, шеберханалар және грим бөлмелері болады. Екі корпусты біріктіретін галерея салынады.

Жөндеу жұмыстары 2026 жылғы шілде айында аяқталады деп жоспарланған. Содан кейін театр жаңа бейнесінде — САЦ — Заманауи өнер орталығы ретінде көрерменге жол тартады. Ал әзірге сүйікті спектакльдерді жаңартылған Оқушылар сарайынан көруге болады. Келесі қойылым — «Бремен музыканттары» 22 мамырда өтеді. Қойылым кестесін театрдың ресми ресурстарынан көруге болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да