Алматыда Ғабдуллин, Хамит Ерғали жағалауы, Бұқар жырау желекжолы және Байтұрсынов көшелерінің аралығында құбыржолды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС хабарлап отыр.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 20 мамырдан бастап 1 тамызға дейін Римский-Корсаков көшесінде және Ғабдуллин көшесінің бір бөлігінде автокөліктер қозғалысы жабылады.
Жалпы ұзақтығы 2,7 километр болатын жылу трассасы 220-дан астам қала объектілерін жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жазғы кезеңде Бостандық ауданының тұрғындарына ыстық су беру уақытша құбыржол арқылы қамтамасыз етіледі.