Басты бетЖаңалықтарРеспубликалық «Ұлан» газеті 95 жылдық мерейтойына шақырады

Республикалық «Ұлан» газеті 95 жылдық мерейтойына шақырады

2025 жылғы 20 мамырда Алматыдағы Ұлттық кітапханада республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газетінің 95 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтеді. Бұл туралы газет редакциясы хабарлап отыр.

«Ұлан» газеті 1930 жылдан бері жарық көріп келе жатыр. Бұл газет – жас оқырманның сырласы, ақылшысы, досы бола білген, талай буынның ой-өрісін, шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосқан рухани ұстаз.

Газет тарихында Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен сынды қазақ руханиятының көрнекті өкілдері бас редактор болған. Ал Асқар Жұмаділдаев, Смағұл Елубай, Көпен Әмірбек, Лира Қоныс, Өркен Кенжебек, Руслан Меделбек, Мәншүк Шымырбай, Кәмшат Тасболат, Танакөз Толқынқыз, Мадина Омар, Қанат Махамбет, Мейрамбек Беспаев, Еркін Нұржанов, Данияр Жігітбек, Мирас Кесебай, Асхат Еркімбай, Айзада Жайыққызы, Думан Смақ, Гүлдана Нұрлыхан, Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай, Алпамыс Файзолла сынды елге танымал тұлғалар «Ұланның» жас тілшісі, белсенді авторы болып, алғашқы материалын осы басылымда жариялаған.

Салтанатты іс-шараға әр жылдары «Ұлан» газетіне мақала жазған, шығармашылық жолын осы басылымнан бастаған журналистер, ақын-жазушылар қатысады. Мерейтой аясындағы маңызды сәттердің бірі — биыл екінші рет ұйымдастырылған республикалық «Тастүлек» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланады. Бұл байқау «Ұлан» газеті мен Зейнолла Сәнік қорының қолдауымен мектеп оқушылары арасында өткізілді. Жеңімпаз оқушылар ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Жұбанов, Абай және тағы басқа мектеп оқушылары өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашады. Газет ұжымы мен серіктестердің құттықтауы, арнайы марапаттар мен естелік сәттер де ұйымдастырылады. Іс-шараға іні-қарындас, балалармен бірге келуге болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да