Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгінгі сот отырысында күдікті Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр.
Мемлекеттік айыптаушы «Қамажай» дүкенінің алдында түсірілген бейнежазбаны қосуды сұрады. Онда мемлекеттік айыптаушы Азамат Тоқтаубаевтың іс-қимылына мән берді. Сотталушы дүкеннің алдында Нұрқанатпен амандасқанын, жағдайдың мән-жайын білуге тырысқанын алға тартып, төбелеске бармағанын атап өтті.
Айыпталушының сөзіне қарағанда, кикілжің барысында Дархан Әскентайға ашулы болған. Сондықтан осы жағдай бойынша өтірік айғақ берген.
Дархан жайлы қарама-қайшы жалған айғақ бердім. Себебі ол кезде Дарханға ашулы едім. Бізбен бірге жазаға тартылсын деп өзіммен бірге ала кеткім келді. Дарханның қатысы жоқ, ол ешкімді ұрмады, қолында ешқандай пышақ болған жоқ. Мен өтірік айғақ бердім, сол үшін қазір өкінемін, — деді Азамат Тоқтаубаев.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.