Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Болаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгін сот барысында «Қамажай» дүкенінің ішкі бейнекамерлары түсірген бейнероликтер көрсетілді. Одан кейін Талғар тұрғынының өз үйінен түсірген жанжалдың бейнежазбасы жарияланды. Онда сотталушылардың жәбірленушілерге соққы жасап жатқаны анық көрінеді.
Бейнежазба көпшілікке көрсетілгеннен кейін адвокат айыпталушы Дархан Әскентайдан осы жазбадағы өз әрекетін түсіндіруді сұрады.
Нұрбол (сотталушы) Нұрқанат Ғайыпбаевқа бара жатқан кезде мен артынан бардым. Әрі қарай «қой» деп Нұрболды алдым да, балаларды ажыраттым. Осы уақытта Абзал Шынасыл (сотталушы) мен екі рет ұрып жібереді. Сол жақ маңдайымнан ұрды, — деді Дархан Әскетай.
Судьяның «сені не үшін ұрды» деген сұрағына айыпталушы «шатастырып алған шығар, ол балаларды сол күні ғана көрдім» деп жауап берді.
Айта кетейік, судья блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады.