Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Болаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Судья Ержан Жанұзақов блогерлерге және әлеуметтік желі қолданушыларына ескерту жасады.
Құрметті сот отырысына қатысушылар, әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр. Осыған байланысты ҚР Конституцисының 75-бабының 1 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, сонымен қатар сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейтінін және ол заңда белгіленген тәртіпте жауапкершілікке әкеп соғатынын естеріңізге саламыз, — деді судья.
Ержан Жанұзақов іс қаралып бітіп, үкім шығып, ол заңды күшіне енгенге дейін сот процессін түсіндіруге, әсіресе оған құқықтық баға беруге жол берілмейтінін ескертті.
Сот шешімді объективті, даусыз дәлелдер негізінде қабылдайды. Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Іске қатысты субъективті пікір таратуға болмайды. Бұл кей жағдайларда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағалануы мүмкін. Осыған байланысты блогерлер мен басқа да желі қолданушыларына арандатушылық сипаттағы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз. Сот объективті әрі негізделген үкім шығаратынына кепілдік береді, — деді сот.
Естеріңізге сала кетейік, Талғарда 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада қаза болды.
Бұған дейін Шерзат Болаттың отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кеткенін жазған едік.
9 желтоқсанда Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ер адам өзіне қол салған делінеді. Бұл жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.
2024 жылғы 11 желтоқсанда Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық соты марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты қоғамдық тәртіпті бұзды деп, 15 тәулікке қамап тастаған еді.