Фото: ICAP
Алматыда Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйелерін нығайту жобасы басталды.

Жобаның Колумбия университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы ICAP орталығының және қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰО) өкілдерінен тұратын ұйымдастырушылары кез келген қауіпке дайын болу аса маңызды екеніне ерекше мән беру керек деп отыр.

Жобаның қыр-сырын, оны жүзеге асыруға қатысты қиындықты екі негізгі маманмен — Еуразия елдеріндегі Колумбия университетінің ICAP директоры Анна Дерябинамен және Қазақстандағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйелерін нығайту жобасының үйлестірушісі Зәуре Ахметовамен талқыладық.

Анна Дерябина. Фото: ICAP

— Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйесін құру бастамасы қалай басталды?

Анна Дерябина: Бұл идея Қазақстан үшін ауыр апатқа айналған 2024 жылғы алапат су тасқынынан кейін пайда болды. Үкімет пен жергілікті билік органдары аймақтардағы жағдайға ден қою және келеңсіз салдардың алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған күш-жігер жұмсады. «Шеврон» компаниясы Қазақстанды қолдауды күшейту қажет екенін түсініп, тиімді жоспарлау және су тасқыны салдарының халық денсаулығына тигізетін кері әсерін барынша азайту үшін денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. ҚР денсаулық сақтау министрлігімен және қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен талқылау нәтижесінде гуманитарлық көмекпен, шұғыл шаралармен шектелмей, әлеуетті жүйелі түрде арттыруға көңіл бөлу керек деген шешім қабылданды. Осылай, нақты денсаулық сақтау саласында жоспарлау, төтенше жағдай кезінде шара қолдану және алдын алу тұрғысынан ұлттық жүйенің әлеуетін күшейту жобасы дүниеге келді.

— Сіздің ойыңызша, бұл тақырып бүгінгі таңда неліктен ұлттық денсаулық сақтау жүйесі үшін аса өзекті болып отыр?

Анна Дерябина: Бұл тақырып қашан да өзекті. Бүкіл денсаулық сақтау қызметінің әлеуетін жылдам арттыруға, соның ішінде эпидқадағалауды күшейтуге, медицина қызметкерлерін жұмылдыруға, ауруханаларды қайта бейіндеуге және медицина қызметкерлерін дәрі-дәрмекпен, жеке қорғаныс құралдарымен және көлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе қажет. Мұндай жұмысты жоспарлап, оған дайындалу керек, оны кенеттен жүзеге асыра салуға болмайды. Қазақстанда мұндай жағдайда барлық қызметтің жұмысын реттейтін нормативтік актілер бар, бірақ егжей-тегжейлі мәлімет жоқ. Биоқауіптерге дайындықты және шара қолдануды қамтамасыз етудің ұлттық жоспары не істеу керек екенін сипаттай отырып, мемлекеттің стратегиясын нақты айқындайды, бірақ оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдарды тізіп беру қажет. Қадам-қадам нұсқаулардың, жүйелі жоспарлаудың жоқ екені көбінесе импровизация мен оқыс әрекеттерге жол ашады, ал шешім мен қарымта шара адамдардың ынта-жігері мен жеке бастамасына ғана сүйенеді. Жүйені халық денсаулығына теріс әсер ететін кез келген келешек оқиғаларға тиімдірек дайындау үшін техногендік, табиғи немесе биологиялық болса да, түр-сипатына қарамастан, кез келген қауіп-қатерді басқарудың әмбебап тәсілін енгізу қажет. Әрине, әр нақты салаға, мысалы, радиациялық немесе биологиялық қауіпсіздік саласына өз мамандары қажет, бірақ қауіп-қатерді басқару жүйесіне қатысты жалпы әдіс-тәсіл бәріне ортақ.

— Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайды басқару контекстінде стандартты операциялық процедуралардың қандай бағыттары басым?

Зәуре Ахметова: Біріншіден — қауіп-қатер туралы хабар тарату. Жүріп жатқан профилактикалық шара туралы халықты дұрыс және уақтылы құлақтандыру шараның тиімділігіне кепілдік береді. Мысалы, әлеуметтік желіде денсаулыққа қатысты жалған ақпарат таралуы халықтың негізді шешім қабылдауына кері әсерін тигізетінін бәрі біледі, сол себепті аурудың алдын алу және емдеу қиын соғып жатады.

Екіншіден — ведомствоаралық ынтымақтастық. Сектораралық деңгейде төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдың бірыңғай алгоритмін әзірлеу жедел ақпарат алмасуға және шешім қабылдауға ықпал етеді.

Үшіншіден — басым жұқпалы ауруларды анықтау. Өйткені пандемиядан кейін биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі жаһандық ауқымда басым болып кетті.

Анна Дерябина: Ешбір ел пандемияға толық дайын болған жоқ. Қазақстанда көп жұмыс тиімді атқарылды, ал кейбір аспектіде тіпті халықаралық тәжірибеден озып кетті. Алайда елде денсаулық сақтаудағы жүйелі кемшілікті көрсететін бірқатар қиындық туындады, соның ішінде білікті кадр тапшылығы, инфекцияны қадағалауға жеткілікті дайын болмау, жеткілікті қаржыландырмау бар. Соған қарамастан, денсаулық сақтау саласының мамандары аса құнды тәжірибе жинады. Енді бәріміз сол тәжірибені болашақта төтенше жағдайлардың алдын алуды жоспарлау үшін пайдалануымыз керек.

Фото: ICAP

— Жоба неліктен еліміздің тек бес өңірінде: Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатыр?

Анна Дерябина: Бұл өңірлерді таңдауға былтыр су тасқынынан қатты зардап шеккені себеп болды. «Шеврон» компаниясы бизнес активтері орналасқан батыс облыстарға ерекше көңіл бөледі және өңірдің дамуына, соның ішінде қызметкерлерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге мүдделі. Жобаның шектеулі ресурстарын және Қазақстанда ДДСҰ арқылы жүзеге асырылып жатқан тағы бір ірі жоба — «Пандемия қорының» бар екенін ескере отырып, жауапкершілік салаларын өзара бөлісу туралы шешім қабылданды. Біздің жобаның іс-шаралары батыс өңірлер мен Солтүстік Қазақстан облысын қамтиды, ал «Пандемия қоры» аясындағы жоба еліміздің басқа өңірлеріндегі іс-шараларды қолдайды.

— Осы өңірлердегі қай ерекшелік немесе қиындық бірінші кезекте көңіл бөлуді талап етеді?

Зәуре Ахметова: Қазақстан үшін негізгі сын-қатер елдің климаты мен географиялық ерекшелігінен туындайтын ішкі қауіп-қатермен тығыз байланысты. Көктемде өзен жүйесі бар және ойпатты өңірлерде су тасиды. Жазда орман және дала өртенеді. Қыста көктайғақ, қарлы боран мен дауыл көлік қатынасы мен инфрақұрылымды бұзады.

Аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарына ерекше назар аудару керек. Қазақстан аумағының едәуір бөлігі, шамамен 40%-і — обаның табиғи ошағы, ал сібір жарасының ошақтары республиканың барлық өңірінде бар. Осындай ішкі қауіп-қатер тұрақты қадағалау және алдын алу шарасын қажет етеді. Қазіргі уақытта биоқауіпсіздік мәселесін реттейтін бірқатар заңнамалық құжат әзірленген.

Сыртқы қауіп-қатер ең алдымен жұқпалы ауруларды сырттан әкелумен байланысты. Климаттың өзгеруі, халықтың белсенді көшіп-қонуы, халықаралық туризм мен экономикалық байланыстың дамуы салдарынан Қазақстанға Денге безгегі, тырысқақ және безгек сияқты біздің елге тән емес аурулардың жыл сайын алыс-жақын шетелден келіп жатқаны тіркеледі. Алайда мемлекеттік шекарадағы санитарлық-карантиндік бекеттер мен медициналық ұйымдардың жедел бірлескен жұмысының арқасында бұл дерттер ел аумағына таралып жатқан жоқ.

Климаттың өзгеруі жаңа, анағұрлым патогенді және жұқпалы қоздырғыштардың пайда болуына септігін тигізеді. Жаңадан пайда болған аурулардың 70%-тен астамы жануардан жұғады. Бұл болуы мүмкін пандемияға сектораралық деңгейде дайындық жүргізу және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайға ден қою шараларын үздіксіз жетілдіру қажет екенін көрсетеді.

  • Жобаның негізгі мақсаты қандай? ICAP және серіктес ұйымдар алдында жобаны іске асырудың әр кезеңінде қандай міндет тұр?

Анна Дерябина: Жобаның алғашқы шараларының бірі бес облыс арасында ақпарат пен тәжірибе алмасу семинары болды. Семинарға денсаулық сақтау министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және төтенше жағдайлар комитеттерінің аумақтық департаменттері өкілдері қатысты. Ақпарат алмасумен қатар қатысушыларға жұмыстың басым бағытын анықтау, әсіресе, жоба тарапынан қосымша қолдауды қажет ететін жергілікті қызметкерлердің білігін арттыру және дайындау, сектораралық ынтымақтастықты нығайту сияқты міндеттер жүктелді.

Зәуре Ахметова: Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жедел әрекет ету топтары құрылған. Төтенше жағдайда сол топтардың жұмысының нақты алгоритмі бар. Жоба аясында өзімізге ведомствоаралық іс-қимыл деңгейін арттыруды міндет етіп белгіледік. Кейінгі уақытта төтенше жағдай бола қалса, бірінші кезекте ведомствоаралық ақпарат алмасу жағы зардап шегеді. Бұл олқылық бір жұмыстың бірнеше рет қайталануына әкеліп соғады, ал кейбір шара дұрыс бақыланып, қадағаланбайды.

Осылай, жоба аясында құрылған мамандардың көпсалалы қауымдастығы өңірлік деңгейде ықтимал төтенше жағдайға жедел ден қою тобына айналады.

  • Тиімділік тұрғысынан жоба қалай бағаланады?

Анна Дерябина: Жобаның қысқамерзімді тиімділігін бағалау үшін төтенше жағдайды басқару саласында білімі мен білігін арттыратын мамандардың санына мән береміз. Облыстық деңгейде 100 маман даярлау жоспарланып отыр, кейін олардың білім динамикасын бағалаймыз. Сонымен қатар облыстардағы жұмыстың жоспарлы және құрылымды сипатын жақсартуға ұмтыламыз. Осы мақсатта жетіспейтін стандартты операциялық процедуралар мен әдістемелік ұсынымдарды әзірлеуге қолдау көрсетеміз.

Бір жылдан кейін өңірлерде олардың пікірінше болып жатқан өзгерістерді бағалау үшін бұрынырақта айтылғандай семинар өткізу жоспарланған. ДДСҰ-мен бірлесе отырып, біз симуляциялық жаттығуларды пысықтау үшін бірқатар семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қымбат тәжірибелік жаттығуларға жақсы балама болады.

Зәуре Ахметова. Фото: ICAP

Зәуре Ахметова: Семинардан кейін кері байланысты ұйымдастыру керек. Бір жылдан кейін өңірлерге сапармен барып, сонда өтетін семинарларда стандартты операциялық процедураларды енгізу қаншалық табысты екенін, төтенше жағдайға ден қою үшін өңірлік жоспар қаншалық өзекті екенін, өңірдегі кадрлық әлеует деңгейін, соның ішінде медицина қызметкерлерінің, ветеринарлардың, облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің әлеуетін, олардың өзара іс-қимылы мен ақпарат алмасуы қаншалық тиімді екенін бағалаймыз.

— Сіздердің ойыңызша, бүгінде қоғамда денсаулық сақтауға қандай қауіп-қатер төніп тұр?

Зәуре Ахметова: Ең алдымен антибиотиктерге төзімділік мәселесін атап өткен жөн. Бұл мәселені денсаулық сақтау министрлігі мен ветеринария қызметі қадағалап, бақылап отырғаны сөзсіз. Дегенмен халық әлеуметтік желіден түрлі ақпарат алып, өзін-өзі емдеп жүр.

Сапалы медициналық көмек алу маңызды мәселе болып қала береді. Халықтың, әсіресе, ауыла тұратын халықтың көрсетілетін қызметке көңілі тола бермейді. Медицина қызметкерлерінің, әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) деңгейінде білімін арттыруға ерекше назар аудару қажет.

Жалпы ДДСҰ болжамы бойынша, 2035 жылға қарай әлемде медициналық қызметкерлер тапшы болуы мүмкін. Сондықтан жыл сайын медицина қызметкерлеріне жүктеме тек арта түседі, сол себепті кадрларды даярлау, олардың мәртебесі мен мотивациясын арттыру мәселелерімен жұмыс істеуіміз керек.

Сонымен қатар өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы байқалады, соның салдарынан жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық аурулар, тыныс алу органдарының аурулары, несеп-жыныс жүйесі және асқазан-ішек жолдары аурулары сияқты созылмалы инфекциялық емес аурумен ауыратындар саны артатыны анық. Бұл мәселе қарт адамдарға мамандандырылған көмек көрсету жағын дамытуды талап етеді.

— Осындай ауқымды ведомствоаралық бастамаларды жүзеге асыру үшін көбінесе қандай кедергіге тап боласыздар? Бұл жобада сіздер үшін ең маңыздысы не?

Анна Дерябина: Кадрлардың үздіксіз ауысуы, оқу бағдарламаларының институционализацияланбауы айтарлықтай қиындық туғызады. 100 қызметкерді оқыту білікті мамандар тапшылығы мәселесін шешпейді. Мұндай оқыту тек жобамен шектелмеуге тиіс, еліміздегі кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың қолданыстағы жүйесіне кіріктірілуі қажет.

Біз үшін жобаға қатысы бар ұйымдардың, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың оны өз жобасындай көргені маңызды. Өйткені облыс әкімдіктері деңгейінде жобаның қажет екен жете түсінбеу, оның тиімділігіне сенбеу нәтижені жоққа шығаруы мүмкін.

Бақытымызға орай, қазіргі уақытта сындарлы ескертулер мен ұсыныстар беріп жатқан барлық қатысушы жобаға қызығып отырғанын көріп отырмыз.